Қарағанды облысында 12 жастағы бала тұрмыстық техникаларды жөндейді. Тапқан қыржысын жарым жан әкесінің еміне жинап жүр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Нұрасыл техникаға ерте әуестеніпті. Жастайынан сал ауруына шалдыққан әкесіне қолғабыс жасап жүріп, электрониканың тілін меңгеріп алған. Ауыл тұрғындары бұзылып қалған теледидарлары мен тоңазытқыштарын, қалта телефондарын да жөндетіп алады. Әкесі ауыр сырқатына қарамастан үйден шеберхана ашып, отбасын асырап келген. Алайда былтыр көлік апатына түсіп, артынша қолы мүлде икемге келмей қалыпты. Ауыртпалық отбасының үлкені 12 жастағы Нұрасылға түсті.
Нұрасыл НЕСІПБАЙ, ШЕБЕР БАЛА:
— Жас күнімде әкеммен бірге телевизор істеуге көмектестім. Әкем сосын жол апатына түсті, сосын әкемнің орнына мен тұрдым. Әкеме еміне ақша жинаймын деп әкеммен бірге жұмыс істедім.
Нұрасылдың өзіне де бұл жұмыс ұнайды. Соған қарамастан сабақтан тыс уақытта ғана айналысатынын айтты. Ал мүгедек әке ұлынан мұндай ерлікті күтпепті. Алғашында таң қалған. Қиындыққа мойымайтын 45 жастағы Дос Төлегенов: өзіне бала күнінде дәрігерлер ақыл-есі кем деген диагноз қойғанын айтады. Алайда өзінің есті екенін дәлелдеу үшін еңбек етіп, отбасын құрған. Қазір 3 баласы бар.
Дос ТӨЛЕГЕНОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ НҰРА АУДАНЫ ҚАРАОЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Төрт телевизор істеп қойыпты үйге келсем, клиенттер риза, бәрі мәз. Кейбіреулер қорқады бала істеп жатыр деп. Жақсы істейді балам, қуаныштымын. Ниет дейді ғой, ниеті болса болды ғой. Ұлымның ниеті мықты. Интернеттен бірдеңе көреді, «папа мынадай пояльник болады, электрический болттарды бұрайтын» дейді, алып берем бәрін.
Нұрасылдың шеберлігін ауылдастарынан бөлек, көрші елді-мекен тұрғындары мойындап келеді. Оған бұзылған техникаларын көптеп әкелуі себеп. Жеткіншектің табысы жа жаман емес. Шамамен 100 мың теңгеге жуық пайда табады. Табысын әкесінің еміне жұмсап жүр. Жас шебердің мақсаты – әкесін сауықтыру, ал әкесі баласының шеберханасын кеңейтуді армандайды.
Оқи отырыңыз:
- Иран билігі украиналық ұшақты байқаусызда атып құлатқанын мойындады
- Нұр-Сұлтанда бетперде киген бір топ жігіт мейрамханаға баса көктеп кірген (видео)
- «10 мың теңге төлейміз»: Жас ұстаз қалай баспаналы болғанын айтып берді