18 адамның «Цефтриаксон» препаратынан қайтыс болғаны рас па — ДСМ жауап берді

Фото: pixabay.com

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Алматыда «Цефтриаксон» препаратын қолданған 18 адамның қайтыс болғаны, сондай-ақ антибиотиктің дәріханалардан жаппай алына бастағаны туралы ақпарат тарады. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

«Цефтриаксонның» жағымсыз әсері салдарынан көз жұмған пациент туралы карт-хабарламалар (сары карталар) тіркелген жоқ. ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне және Алматы қаласы бойынша аумақтық департаментіне мұндай шағымдар түскен жоқ», – дейді ведомство өкілдері.

Басылымның жазуынша, «Цефтриаксон» – бұл сепсис, менингит, инфекциялардың түрлері, пневмония және басқа көптеген ауру кезінде тағайындалатын антибиотик.

Бұл препарат Қазақстанда лицензияланған және дәріханаларда сатылады.

Автор: Әсел Найман қызы