2025 жылы жамбылдықтар 100% ауыз су және газбен қамтылмақ

Фото: gov.kz

Жамбыл облысы тұрғындарын таза ауыз су және көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі 2025 жылы толығымен шешімін табады. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды MediaWorld.kz.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың берген есебіне сенсек, аймақтағы ауыз су, табиғи газбен қамту, жылу-энергетикасы және тұрғын үй жөндеу бағытындағы 133 жобаға 38 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаржы өткен жылмен салыстырғанда 39 пайызға артық.

Бүгінде Жамбыл облысындағы 371 елді мекенде 1 миллион 150 мыңнан аса адам тұрады. Оның ішінде 4 қалада: Тараз, Қаратау, Жаңатас және Шуда — 460,3 мың адам, ал 367 ауылдық елді мекенде 689,8 мың адам бар.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қалалардағы тұрғындардың 91 пайызы, яғни 419 мыңға жуық адам орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізген. Ал ауылдық елді мекендерді қамту көрсеткіші сәл аздау — 88,8 пайыз. Демек 612,2 мыңға тарта ауыл тұрғыны бұл игіліктің рахатын көріп отыр.

Қала маңындағы тұрғын алқаптар да назардан тыс қалған жоқ. Жоспар бойынша алдағы 4 жылда олар да кезең-кезеңімен сумен қамтылмақ.

Биыл 69 ауылдық елді мекеннің 33-інде құбыр тарту жұмыстары басталса, 25 ауылға жыл соңына дейін су беріледі деген жоспар бар. Қалған 8 ауылдың жобасы келесі жылға қалып отыр. Бұдан бөлек 2024 жылы 15 жобаны, ал 2025 жылы 21 жобаны жүзеге асыру көзделген.

— Біз негізгі жұмыстарды кейінге қалдырмай, 2022-2023 жылдары атқаруымыз керек. Сондықтан 15 жобаның да құжаттама жұмыстарына бүгіннен бастап кірісіп, келер жылға дайындауға тиіспіз. 2025 жылға жұмыстардың ең аз көлемін қалдырып, толығымен аяқтауға күш салу қажет, — деді облыс әкімі.

Нұржан Нұржігітов тиісті сала басшыларына жоспарлы жобаларды қайта саралап, талдауды тапсырды.

Жиында тұрғындарды көгілдір отынмен қамту мәселесі де қаралды. Облыстағы 371 елді мекеннің 257-сі немесе 69 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Демек облыстағы миллионнан аса тұрғын көгілдір отынның рахатын көріп отыр деген сөз. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жететін болады.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, 44 ауылда газ құбырларын тарту жұмыстары жүріп жатыр. 6 елді мекен бойынша жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттің кезекті нақтылауына ұсынылды. Аудан әкімдіктері тарапынан 22 елді мекеннің құжаттары әзірленіп жатса, 14 ауыл – жоба жұмыстарын бастауды қажет етеді.

Газдандыру мәселесі кейінгі жылдарға қалып отырған 28  елді мекен бар. Оған басты себеп: халық санының аз болуы. Бұл шағын ауылдарда тұрғын саны 200-ге жетпейді.

— Біз болашағы жоқ ауылдар деген ұғымға басқаша көзқараспен қарауымыз керек. Халық саны аз деп, газ, су тартпасақ, жол салмайтын болсақ, ондағы тұрғындарды әлеуметтік нысандармен қамтымасақ, ол ауылдарға кім көшіп барады? Ауылдардың болашағын қолдан қиындатпайық. Қажетті жағдайларды жасайтын болсақ, жастар да сонда тұрақтайды. Осы тұрғыда біз кешенді түрде ойланып, тиісті есептеулер жүргізіп, мүмкіндіктерді қарастыруымыз керек, — деді аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов.

Облыс әкімі осы салаға жауапты басшыларға нақты тапсырмаларды беріп, тиісті жұмыстардың дер кезінде атқарылуы керек екенін баса айтты. Сондай-ақ ол ауылдарды ауыз су, газбен қамтуда құбырларды көшелермен жүргізу жұмыстары алдағы жобаларда міндетті түрде қамтылуы тиіс екеніне айрықша тоқталды.

— 350-450 мың теңгеге үйіне дейін газ тартуға кез келген отбасының жағдайы келе бермейді. Сондықтан көгілдір отын тұрғындардың аулаларына дейін жетуі тиіс. Сонда ғана, үйге газ тарту оларға арзанға түседі. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға бұл тұрғыда қолдау көрсетіп, демеушілік шараларын ұйымдастыру жолдарын да қарастырыңыздар. Газ тартылған ауылдардағы әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесін көгілдір отынға көшіру жұмыстары да кейінге қалмауы керек, — деді облыс әкімі.

Жиын барысында электр қуатымен қамту, жылу-энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да жан-жақты сараланды.

— Жалпы, салада атқарылған жұмыстар аз емес. Жоспар ауқымды. Кейбір мәселелелерді өзектілігіне қарай алдағы уақытта жеке-жеке, жан-жақты қарастырып, талдап, саралайтын боламыз. Тариф саясатына баса көңіл бөлу керек. Ортадағы делдалдар бойынша бағалау, саралау шараларын қайта жүргізу – аса маңызды. Біз мәселелерді анықтап қана қоймай, оның тиімді шешу жолдарын да ойластыруға міндеттіміз, — деп түйіндеді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

Оқи отырыңыз: