«Қазгидромет» РМК синоптиктері Қазақстан бойынша ақпан айына арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Метеорологтардың мәліметінше, ақпанның бірінші онкүндігінде республиканың оңтүстік жартысында ауа райы жылы және жауын-шашынды болады. Оңтүстік циклондардың жиі шығуы жауын-шашынның қарқынды түсуіне әкеледі.
Нәтижесінде Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарда жаңбыр, қар жауады деп күтіледі. Ауа температурасы түнде -2…+5 градусқа дейін, күндіз +5…+12 градусқа дейін жоғарылайды. Онкүндіктің соңында қайтадан түнде -3…-15 градусқа дейін, күндіз 0…+8 градусқа дейін суытады.
Еліміздің батыс аймақтарында бірінші онкүндікте ауа райы тұрақсыз болып, жаңбыр мен қар аралас жаңбыр жауып, екпінді жел соғуы ықтимал. Ауа температурасының күндіз -3…+5 градус шегінде болады деп болжанады.
Елдің қалған аймақтарында бірінші онкүндіктің бірінші жартысында аязды әрі жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Онкүндіктің екінші жартысында солтүстік өңірлерде қар жауып, бұрқасын болып, жел 15-25 м/с дейін күшеюі мүмкін.
Бірінші онкүндікте еліміздің солтүстігінде ауа температурасы түнде -20…-28 градустан -15…-20 градусқа дейін, күндіз -8…-18 градустан -5…-10 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Орталық аймақтарда сынап бағанасы түнде -13…-28 градустан -7…-15 градусқа дейін, күндіз -7…-12 градустан -1…-7 градусқа дейін жоғарылауы ықтимал.
Ал еліміздің шығысында ауа температурасы түнде -15…-28 градус, күндіз -5…-15 градус шамасында болады деп күтілуде.
Ақпанның екінші және үшінші онкүндіктерінде республика бойынша ауа райы тұрақсыз болады. Атап айтқанда, елдің басым бөлігінде қар жауып, бұрқасын болады, оңтүстікте жауын-шашын, тұман, көктайғақ болуы мүмкін.
Аталған кезеңде еліміздің батыс өңірлерінде ауа райы түнде -15…-25 градустан -7…-15 градусқа дейін, күндіз -5…-10 градустан -5…+5 градусқа дейін жылынады.
Республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде сынап бағанасы түнде -20…-30 градустан -10…-15 градусқа дейін, күндіз -10…-15 градустан -2…-7 градусқа дейін көтеріледі.
Ал оңтүстікте, оңтүстік-шығыста күн райы түнде -10…-18 градустан 0…-5 градусқа дейін, күндіз 0…-5 градустан +3…+10 градусқа дейін жоғрылайды деп болжануда.
Жалпы алғанда, ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында болады. Десе де, Түркістан, Жамбыл облыстарында, Қызылорда, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан көп болады деген болжам жасалды.
Автор: Нұрила Ермекбай