Ақтөбе қаласында полиция бөлімі басшыларының біріне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Фото: POLISIA.KZ

Ақтөбе қаласындағы №3 полиция бөлімі басшыларының біріне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Telegram-дағы «ҚР ІІМ жаңалықтары» арнасына сілтеме жасап.

«Ақтөбе облысы ПД-нің Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасады деген күдік бойынша Ақтөбе қаласы №3 полиция бөлімі басшыларының біріне қатысты қылмыстық істі, яғни сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», – делінген ІІМ хабарламасында.

Ведомство қылмыстық істі тергеу шеңберінде өзге де ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайтынын атап өтті.

«Полиция қызметкерлері тарапынан құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты сенім телефоны арқылы хабарлауға болады: 8/7132/52-16-91. Анонимділікке кепілдік беріледі», – деп қосты ІІМ өкілдері.

Автор: Әсел Дағжан