Ақтөбе облысында тұрғыннан жарты млн теңге бопсалаған күдіктілер ұсталды (видео)

41
Күдіктерлерден заттар тәркіленген сәт. Видеодан кадр: polisia.kz

Ақтөбе облысында тұрғынды ұрып-соғып, арнайы киімдерді алып кетіп, одан жарты млн теңге бопсалаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ІІМ-нің Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.

ІІМ мәліметінше, полицияға Ақтөбе тұрғыны бопсалау дерегі бойынша арызданған. Тергеп-тексеру барысында аудандардың бірінде жәбірленушінің көлігі бұзылған кезде оған белгісіз адамдар келіп қорқытып, ұрып-соғу арқылы ақша талап еткені анықталған.

«Күдіктілер автокөліктен арнайы киімнің 13 жиынтығын алып кетіп, оларды қайтару үшін 500 мың теңге талап еткен.

Арнайы бөлімше жауынгерлерінің қатысуымен жедел іс-шараларды өткізу барысында Ақтөбе облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Хромтау қаласының бес тұрғынын анықтап, ұстады. Заттай айғақтар тәркіленді», — делінген хабарламада.

Ведомство ақпараты бойынша, бопсалау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды.