Фото: pixabay.com

Араға күн салмай жатып Ақтөбеде тағы да студенттер пышақтасты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Бұл жолы оқу орнының сыртында емес, тура сабақ кезінде жанжалдасқан. 17 жастағы екінші курс студенттері дәріс кезінде сөзге келіп, кейін үзілісте пышақ сұғып алады.

Гүлжан Үйсінбаева, АӨМУ колледжінің директоры:

— Құқықтану мамандығымен екінші курста оқиды. Екеуі де екпінді. Жақсы оқитын балалар. Белсенді студенттер. Бірақ араларында қандай жағдай болғанын білмей тұрмыз. Барлығы істің соңында белгілі болады.

Қылмыстық оқиға болған мемлекеттік университет жанындағы колледждің сабақ бөлмесі қазір бос тұр. Тергеушілер саусақ іздерін алып, әзір мұнда дәріс өткізбеуді бұйырыпты. Куәгерлердің сөзінше, пышақ жарақатын алған студент қансыраған күйі үйіне кетіп қалған. Оны қатарластары мен мұғалімдері «байқамадық» деп отыр. Оқушыға ота жасалып, қазір облыстық балалар ауруханасында ем алуда. Ал пышақ сұққан студент қамауға алынған.

Айта кетелік, кеше ғана Ақтөбе мемлекеттік университетінің алдында студенттер жаппай төбелесіп, 19 жастағы жігітті пышақтаған еді. Бірақ ол оқиғада пышақ салған күдікті әлі ұсталған жоқ. Ал бүгінгі колледждегі қылмысқа қатысты 17 жастағы бозбала тергеушілерге жауап беріп жатыр.

Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:          

— Ақтөбе қалалық полиция басқармасымен қылмыстық іс қозғалды. Осы дерек бойынша 17 жастағы аталмыш оқу орнының екінші курс студенті ұсталды.

Оқи отырыңыз: