Ақтөбеде бұрынғы әйелінің бетін тіліп, аяусыз сабаған ер адам 4 жылға сотталды

Фото pixabay.com сайтынан алынды

Ақтөбеде бұрынғы әйелінің бетін пышақпен тіліп, аяусыз сабаған ер адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бүгін Ақтөбе қалалық сотында бұрынғы әйелінің бетін пышақпен аяусыз тіліп, өлімші етіп сабаған ер адамға қатысты қылмыстық іске үкім шықты. Ажырасып кеткен әйеліне қасақана қастандық жасаған ер адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталушы Сәкен Бекенов жазасын қауіптілігі орташа түзету мекемесінде өтейді. 38 жастағы ер адам бұрын сотталмаған.

Сотта оның қылмысты ішімдік ішкен күйінде жасағаны айтылды. Сот үкім шығарғанда жәбірленушінің «сотталушыны бас бостандығынан айырмауды» сұраған өтініші ескерілгенін айтты.

Себебі осыған дейінгі сот отырысында прокурор ер адамды 6 жылға бас бостандғынан айыруды сұраған болатын.

«Денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабы бойынша қаралған қылмыстық іс онлайн түрде БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті.

Жәбірленуші Айнагүл Бекенова сотта бетіне кетпестей жарақат қалдырған бұрынғы күйеуін кешіретінін және оның өзін мазаламауын қамтамасыз етуді сұрады.

Естеріңізге салсақ, оқиға биыл 14 наурыз күні болған еді. 28 жастағы келіншекті екі жыл бұрын ажырасып кеткен күйеуі жұмыс орнына келіп сабаған.

Келіншек алған жарақатына қатысты қаржылық шығынды өтеп беруді соттан талап етпеген.

Оқи отырыңыз: