Ақтөбеде ер адам өзін ренжіткен көршінің үйіне басып кіріп, оқ атты

Фото pixabay.com сайтынан алынды

40 жастағы Ақтөбе тұрғыны Тілепбергенов көшесінен үй сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бір күні ол түн ауған шақта көрші үйдің жанынан өтіп бара жатқан кезде аулада бірнеше ер адам тұрған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ол көрші үйіне кіргенде, үй иесі оны спирттік ішімдік ішуге шақырған. Әңгіме барысында ер адам өзінен жасы кіші жігіттермен сөзге келіп, реніші басылмаған күйі үйіне кеткен, деп жазды «Диапазон».

Үйіне келген соң, сейфтегі мылтығын шығарып, оған бес оқ-дәрі салып, көршісінің үйіне бет алған. Мас күйдегі қонақ есікке екі рет мылтықтан оқ атып, үйге басып кіріп, өзін ренжіткендерді іздей бастаған.

Содан соң өзімен дауласқан жас жігітті тауып, оны тізерлеп отырып кешірім сұрауға мәжбүрлеген. Жас жігіт қарулы ер адамның айтқанын орындағанмен, ер адам бәрібір оқ атып, оны аяғынан жаралаған.

«Осы сәтте бүлікшінің әйелі оның артынан еріп, үйге кірген. Ер адам жұбайын көргенде шошып кетіп, қаруды аулаға тастап, үйіне кеткен. Үйге заңсыз басып кіріп, өлтіремін деп сес көрсеткені үшін ақтөбелік тұрғын сот алдында жауап берді. Ол бұл әрекетіне өзінен әлдеқайда жас жігіттерден балағат сөз естігеніне намыстанғаны себеп болғанын айтты», — деп жазылған материалда.

Сотта айыпталушы мен жәбірленуші бітімге келгенін мәлімдеді. Тараптардың ымыраға келуіне байланысты қылмыстық іс тоқтатылып, сотталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатты.

Сонымен қатар сот қаруды тәркілеу туралы шешім шығарды.

Оқи отырыңыз: