Ақтауда жедел жәрдем қызметкерлері облыс әкіміне талап қойды (видео)

Фото: видеодан алынған кадр

Ақтаулық жедел қызметкерлері еңбекақы мәселесін көтеріп, басшылық пен облыс әкіміне үндеу жолдады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Бригада құрамын толықтыру және мардымсыз еңбекақы көлемін арттыруды қозғаған олар талабымыз тезірек шешімін тапса дейді.

Маңғыстау облысының жедел жәрдем станциясының басшысы Айларбек Шыршықбаев пен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа үндеу жолдаған олар «дер кезінде мәселе шешілмесе, жұмысқа шықпаймыз» деп отыр.

«Басшылыққа айтқан талабымыз осы күнге орындалмай жатыр. Еңбекақымызды көтеріп, бригада санын толықтыруды сұраймыз. Осы талабымызды орындаймыз деп талай рет уәде берілгенімен, әзірге еш нәтиже жоқ. Облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының өкілдері келгенімен, мәселе баяғы қалпында тұр. Қазір нарықта күнделікті тұтынатын жарық, су, газ бағасы қымбаттауда. Несие төлеп отырған жұмысшылар үшін жүз мың теңге еңбекақымен өмір сүру оңай емес. Ай сайын осы мәселе көтерілгенімен шешімін таппай отыр. Айлық еңбекақыны өсіріп, бригада құрамын күшейтуді сұраймыз. Үш-төрт күн ішінде мәселеміз шешілмесе, жұмысты тоқтатамыз», — дейді жұмысшылар.

Ал Маңғыстау облыстық жедел жәрдем қызметінің басшысы Айларбек Шыршықбаев «бұл мәселенің шешілуі тікелей еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына байланысты» дейді.

«Айлыққа қатысты қаулыны өзгерте алмаймын. Қызметкерлердің осыған дейін үндемей жүргені — олар үнемі коронавирус кезінде қосымша ақша алып жүрді. Министрдің бұйрығы бойынша коронавирустың үшінші қауіп тобына біздің жүргізушілер жатады. Оларға 215 мың теңгеге дейін айлығына қосымша беріліп жүрді. Тамыз айында бұйрық бойынша өзгеріс енгізіліп, елу пайызға дейін қысқартылды. Дәрігерлердің айлыққа қосымша төленетін ақшасы 425 мыңнан 212 мыңға дейін түсті. Бірінші қазаннан бастап еліміз бойынша үшінші қауіп тобына жедел жәрдем дәрігері, фельдшері, жүргізушісі кірді. Осыдан бастап қосымша ақша коронавируспен күрескені үшін тағайындалды. Яғни 53 мың теңге көлемінде ақша айлықтарына қосылып беріледі», — дейді жедел жәрдем қызметінің басшысы.

Оның айтуынша, министрліктен бұйрық шықпағандықтан мәселені талқылау 12 қарашаға дейін созылмақ.

«Осы айда министрдің бұйрығы бекітіледі. Сондықтан қазан айында біздің жүргізушілеріміз тек айлығын ғана алды. Оның көлемі жүз мың теңге шамасында ғана. Президент жарлығымен еңбекақы көлемі дәрігерлерге кезең бойынша былтыр 30 пайызға, фельдшерлерге 20 пайызға өсті. Биыл тағы бір рет қосылды. Келесі жылы тағы да қосылады деп отыр», — дейді Айларбек Шыршықбаев.

Жедел жәрдем қызметінде істейтін санитарлар мен жүргізушілердің үндеу жолдауына осы әсер етсе керек.

«Президент жарлығынан кейін жүргізушілер мен санитарлар медицина қызметкерлері болмағандықтан бұл санатқа кірмеді. Яғни олардың еңбекақысы өспеді. Үндеу жолдағандардың дені — солар. Енді министрдің бұйрығы шыққаннан кейін қарашадан бастап жүргізушілерге айлық еңбекақыға қосымша ақы төленеді», — дейді Айларбек Шыршықбаев.

Автор: Жанкелді ҚАРЖАН

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз