Елімізде атом электр станциясын (АЭС) салу мәселесі бірталай жылдан бері талқыланып келеді. Үкімет салу қажет десе, оған қарсы болып отырған жұрт қарасы аз емес. Президентіміз бұл маңызды мәселені халықтың талқысына салуды ұйғарып, референдум өткізу керектігін айтты. Әзірге референдумның өтетін күні мен оның сұрақтары қандай болатыны белгісіз.
Елімізде бұл маңызды шараға дайындық жұмыстары басталды ма? Соның ішінде Астана қаласы бойынша қандай шаралар атқарылмақ? Редакцияның бұл сұрақтарына Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсембай Қуанышұлы Жұмабеков жауап берді.
— Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтырғы жолдауында АЭС салу мәселесін референдумға шығарып, халықтың талқысына салуды ұсынған еді. Жолдаудан кейін Энергетика министрлігі білікті де, білімді мамандар мен ғалымдардан арнайы топ құрды. Бүгінде олар өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, насихат шараларын бастап кетті. Бұл жұмыстар тамыз-қыркүйек айларында аяқталады деп жоспарланып отыр. Содан кейін Мемлекет басшысы референдумның қай күні болатынын, онда қандай сұрақтар қойылатынын бекітіп Жарлық шығарады.
Алдағы күзге жоспарланған бұл шара тәуелсіздік алғаннан бергі төртінші референдум болмақ. Бұған дейін 1995 жылы бірден екі референдум өтсе, үшіншісі 2022 жылы болды.
— Былтыр үлкен науқан – Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Сол сайлаудан кейін біз бүкіл жұмыстарымызға сараптама жасап, олқылықтары мен кемшіліктерін ескеріп, дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Астанада 459 сайлау учаскесі бар. Онда 3689 адам жұмыс жасайды. Барлығы қажеттімен толық қамтылған, материалдық-техникалық базалары барлығы бар. Басты мақсатымыз алдағы референдумға халық еркін келіп, еркін шешімін шығарып, белсенділік танытып міндетті түрде қатысса екен деп отырмыз. Ол үшін сайлаушыларға бүкіл жағдай жасап отырмыз, — дейді Бейсембай Жұмабеков.