Шымкент қаласында «қайыршыға» есік ашқан тұрғындар алданып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Полицияға екі әйел арыз түсірген. Екеуі де үйге қайыр сұрап келген алаяқ әйелге алданып қалған. Қаскүнем есік ашылған бойда тылсым күштердің бар екенін айтып, дуаны қайтармаса, қайғы-қасірет келетінін айтқан. Екі әйел де оған сеніп қалған.
«Жалған көріпкел тазарту рәсімін өткізу үшін олардың барлық алтыны қажет екенін айтқан. Ол зергерлік бұйымдарды қолына алып, бір нәрсе сыбырлаған болып, үйді айнала жүріп, біраз уақыттан соң ізін суытқан. Қаланың екі тұрғынына 4,5 миллион теңге шығын келді», — дейді полицейлер.
Тәртіп сақшылары бірден жедел іздестіру шараларына кіріскен. Үйдің маңайына орнатылған бейнебақылау камераларын тексеру кезінде полицейлер алаяқтыққа қатысы бар әйелдің таксиге отырып кеткенін анықтады. Көліктің мемлекеттік нөмірі арқылы такси жүргізушісін тауып алып, алаяқ әйелді өз үйінде ұстады.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Мұндай қылмыс үшін айыппұл салу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ірі мөлшерде жасалған алаяқтық үшін жеті жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін.
Оқи отырыңыз:
- Талдықорғанда велоспорттан Қазақстан көпкүндік чемпионаты мәресіне жетті
- Әкімдердің рейтингі жол сапасы бойынша анықталады
- «Түрмеден шыққанда бірінші шай берген азамат»: Жақсыбек Құлекеев президентпен қарым-қатынасы қандай екенін айтты