Ақтөбеде бұрыш-бұрышта елден көмек сұрайтындар көбейген, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Олардың қатарында ақ жаулықты аналар да аз емес. Әсіресе, жұма күндері мешіт жанында алақан жайғандар қаптап кетеді.
«Нұр Ғасыр» мешітінінің алдында алақан жайып тұрған 47 жастағы келіншек алты баланың анасы екенін айтты.
«Осы жерге тұрмыстың ауырлығынан келдім. Алты баламды бағу үшін алақан жаюға мәжбүрмін. Жолдасым жұмыс істемейді. Басымызда баспана жоқ. Пәтер жалдап тұрамыз. Еш жер жұмысқа алмайды. Қайыр сұрауға күнде шықпаймын. Қиналып кеткенде осылай тұрамын», — дейді көпбалалы ана Нұргүл Дүйсенова.
Бетін жасырған кейбір аналар «намыстанамыз» деп жағдайын айтудан бас тартты. Алақан жайғандар арасында мүгедектігімен жұрттың аяушылығын тудыратындар да жоқ емес.
«Осы жерде тұрғанымыз үшін кейде «имам рұқсат бермейді» деп полиция алып кетеді. Біз енді қайда барамыз? Екі мүгедек бағып отырмын. Айына 25 мың теңгеге дәрі аламын. Пәтер кезегінде тұрмыз. Екі жыл бұрын «Нұр Отанға» барғанымда мешітке барып садақа сұра, пәтер береді» деп жауап берді. Жұма күні жарты күн отырғанда 11 мың жиналады», — дейді Екатерина Бюглер.
Мешіт қызметкерлері де көмек сұраушылардың көп екенін айтты.
«Қайыр сұрау — исламда ерсі әрекеттердің бірі. Пайғамбарымыз қайыр сұраудан тыйған. Қазір қайыр сұраушылардың көбейіп кетуі бәрімізге белгілі. Оны кәсіпке айналдырғандар да көп. Мұқтаждар да бар. Шын мұқтаждар қайыр сұрауға ұялады. Имамдарға мұқтаждығын айтып, көмек сұрайды. Олар тізімге алынып, демеушілер ай сайын көмек көрсетеді.
Мешіттің сыртында тұрып қайыр сұрайтындардың дені кәсіпке айналдырғандар. Қарапайым халықтың ішінде жағдайы жоқтар көп. Біз бәріне көмектесе алмаймыз. Себебі мемлекеттен арнайы қаржы алмаймыз», — дейді «Нұр ғасыр» мешітінің наиб имамы Мұхаммед Шадман.
Материал авторы: Ардақ Ерубаева
Автор: Нұрила Ермекбай
Оқи отырыңыз:
- Пәндік олимпиада жеңімпаздары сыйақы алады: 94 млн теңге бөлінді
- Маусым айында елімізде ауа райы қандай болады: Синоптиктер болжам ұсынды
- Путиннің денсаулығы жайлы қауесет көп, дәлел аз