Алматыда қанша ата-ана баласына вакцина салуға келісім берді

Фото: pixabay.com

Алматыда 30 мыңнан астам ата-ана баласына Pfizer вакцинасын салдыруға рұқсат берді. Бұл туралы қоғамдық денсаулық басқарма басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Алматыда 12 жастан 17 жасқа дейінгі жастағы 170 мың бала бар. Оның ішінде ата-аналардың 20%-і балаларға Pfizer вакцинасын салдыруға келісім беріп отыр. Бұл шамамен 30 мыңнан астам ата-ана. Алайда бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін, себебі сәт сайын келісім бергендер артып жатыр», — деді Светлана Сұлтанғазиева.

Балаға вакцина салу үшін анасы не әкесінің рұқсаты жеткілікті.

Маманның сөзінше, қалада Pfizer вакцинасын салу 12 қарашада басталады. Бірінші кезекте 16-17 жастағы балаларға ата-анасы рұқсат бергеннен кейін салынады.

Вакциналау алдымен медицина мекемелерінде жүргізіледі. Ал білім ордаларына тек арнайы шақырту арқылы медицина қызметкерлері барады.

Айта кетері, 10 қарашада түнде Қазақстанға Pfizer вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді. Алматы қоймасында вакцинаның алғашқы 46 800 дозасы, бірінші компоненттің 23 400 дозасы және екіншісінің 23 400 дозасы бар. Екі бөлігінің арасы 21-28 күн болуы керек.

Вакцина жүкті, емізулі баласы бар және 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге салынады.

Вакцинаны жүктіліктің 16-37 аптасы арасында салдыруға болады. Емізулі баласы бар әйелдер босанған соң 42 күннен кейін салдыра алады.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондайақ біздің Facebook тегі тобымызға қосылыңыз