Алматыда Bek Air ұшағының не себепті құлағаны хабарланды

Фото: Пресс-служба Международного аэропорта Алматы

Bek Air компаниясының Fokker-100 ұшағының апатына қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Алматыда Bek Air әуекомпаниясының жолаушылар мінген ұшағы 2019 жылдың 27 желтоқсанында апатқа ұшырады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, Fokker-100 ұшағындағы авиациялық оқиғаны тексеру жұмыстары аяқталды. Ұшақ апатын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган құрған комиссия тексерді.

«Бек Эйр» АҚ әуе кемесінде болған апат ұшақ әуеге көтерілген кезде қанатының күш түсетін қасиетінің симметриясын жоғалтуы себеп болғаны анықталды. Соның кесірінен ұшақ ұшу-қону жолағынан көтерілгеннен кейін фюзеляжға құлап, қар басқан топырақтың бетімен оңға қарай ауып кеткен. Одан кейін әуежай периметрі бойынша қоршауын бұзып, сол қоршаудан 9-10 метр қашықтықта орналасқан екі қабатты жеке меншік құрылыс нысанына соғылған», — делінген ақпаратта.

Айта кетері, халықаралық және Қазақстан заңнамасына сәйкес, комиссия жұмысына Нидерланд Корольдігінің қауіпсіздік жөніндегі бюросының өкілдері (авиациялық оқиғаларды тексеру жөніндегі мемлекеттік орган) және олардың кеңесшілері – нидерландтық Fokker Services B. V. компаниясының мамандары (Fokker үлгісіндегі әуе кемесі сертификатының иесі), сондай-ақ мемлекетаралық авиация комитетінің тексерушілері қатысты.

Тексеру нәтижесі бойынша қорытынды есеп Нидерланд Корольдігінің қауіпсіздік жөніндегі бюросы және мемлекетаралық авиация комитетімен келісілді.

Алматы маңындағы ұшақ апаты

2019 жылы 27 желтоқсанда Bek Air жолаушылар ұшағы Алматыдан ұшып шыққаннан кейін бірден құлады. Ұшақ бетон қоршауға құлап, екі бөлікке бөлінді. Апат салдарынан 12 адам қаза болды. Экипаж командирі оқиға орнында көз жұмса, ауруханадан шыққаннан кейін екінші ұшқыш қайтыс болды. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен оқиғаның себеп-салдарын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. 2019 жылы 28 желтоқсанда Қазақстанда ұлттық аза тұту күні болды.

Оқи отырыңыз: