Алматыда Халықаралық тау фестивалі өтеді

Фото pixabay.com сайтынан алынды

29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Алматыда Халықаралық Almaty Mount Fest тау спорты фестивалі өтеді. Іс-шараны Дүниежүзілік туризм күніне орай, Алматы қаласының Туризм басқармасы ұйымдастырып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Фестиваль өткен жылғыдай жарыстың 4 түрін қамтиды, оған 2 мыңнан астам кәсіпқой спортшы мен белсенді демалысты ұнататын әуесқойлар қатыса алады. Оларға туриада, downhill, skyrunning мен альпиниадада өздерін сынап көру ұсынылып отыр.

Бұдан бөлек, Almaty Mount Fest 2023 ұйымдастырушылары 6 мен 14 жас аралығындағы балалар және мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап, тауға шығу мен туриаданың арнайы бағыттарын дайындап қойған. Фестивальдің негізгі спорттық және мәдени шаралары «Медеу» мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы шипажайында өтеді.

«Алматылықтар мен оңтүстік астанамыздың қонақтары арасында игі дәстүрге айналған Халықаралық тау спорты фестивалінің өтетінін хабарлауға қуаныштымыз. Алматы шетелдік туристердің келуі жағынан көш бастап тұр, шаһарда саяхаттаушыларға жайлы жағдай мен жақсы мүмкіндіктер жасалған, қала инфрақұрылымы да дамыған», — дейді Алматы қаласының Туризм басқармасы жетекшісі Ғалия Тоқсейітова.

Фестиваль соңында ауқымды іскерлік Форум өтеді. Оның тақырыбына тау туризмін дамытудың жаңа мүмкіндіктері, оның ішінде экологиялық тұрақты саяхаттар, демалысты ұйымдастырудың креативті форматтары, сондай-ақ, таулы аймақтағы инклюзивті туризм мәселелері арқау болады. Пікірталас алаңына қатысатынын Андорра, Франция, Қырғызстан, Ресей, Грузия, Италия мен басқа да елдердің халықаралық сарапшылары растап қойған.

Қатысушыларды тіркеу 22 қыркүйекте басталып, 28 қыркүйекке дейін жалғасады.