Алматыда липосакция жасатпақ болған 36 жастағы әйел ажал құшты (видео)

3773
Фото: видеоның скриншоты
Фото: видеоның скриншоты

Артық майдан құтыламын деп ажал құшты. Төрт баланың анасына пластикалық операция сәтсіз аяқталған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Алматылық Жәмила Жылқайдарова әдемі, әрі сымбатты көріну үшін тері астындағы майын алдыруға бел буған екен. 36 жастағы келіншек пластикалық отаға ұзақ дайындалған. «Тіпті Мәскеуге барып мамандардан кеңес алды» дейді жақын құрбысы. Өзі де былтыр осы клиникада липосакция жасатып, яғни, денесіндегі артық майын алдыртыпты.

Әйгерім Тобылдинова, марқұмның құрбысы:

— Жап-жас, сау қыз. Неге мен оны тоқтатпадым? Білмеймін. «Барамын да, келемін, жасаймын, ақшасын төлеймін, әдемі боламын» деген. Солай аяқталарын кім білген?… Кететінін, келмейтінін…

«Дене бітімін» түзеймін деп өмірмен қош айтысқан келіншек ота жасатуға 3 млн 100 мың теңге төлеген. Оның қазасы туралы алғаш болып қайын ағасы естіпті. Клиникаға бірінші болып жеткен Азамат Ауылбековтің болжамынша, келіні Жәмила хирургтар айтқан уақыттан ерте көз жұмған. Ал жақындарына кеш хабарлануын «ізін жасырудың амалы» деп түсінеді марқұмның жақындары.

Азамат Ауылбеков, марқұмның қайын ағасы:

— Егер келініміз таңғы 7-де көз жұмса, мына жерде жедел жәрдем, полиция болатын еді. Мен клиникаға сағат 11-де келген кезде ешкімді көрмедім. Есесіне, клиниканың адвокаты жүр. Бұлар алдын ала дайындалған. Келініміз жұма күні үйден өз аяғымен кеткен. Оны отадан кейін мейірбикенің қарауында қалдырғаны анық. Бақылау камерасынан сол күнгі жазбалар өшірілген. Пластикалық ота жасай алмайтын орталықты мүлдем жабу керек.

Қазір адам денесіндегі майды хирургиялық әдіспен алатын дәрігерлер тергеліп жатыр. Жарнамасы жер жарған медициналық орталықтың есігі жабылып, ҚК-тің 317-бабымен іс қозғалды.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:

— Сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Алдын ала болжам бойынша, медициналық қызметкерлер өз қызметіне немқұрайлы қарағандықтан және дер кезінде медициналық көмек көрсетпегеннің салдарынан адамның өлімі болуы мүмкін.

Сараптама қорытындысы 20 күннен соң әзір болады. Құзырлы орган медициналық орталықтың лицензиясын тексермек. Ал ертең Талдықорғанда Жәмила Жылқайдарованы ақтық сапарға шығарып салады. 36 жастағы келіншектің артында жолдасы мен төрт баласы қалды.

Оқи отырыңыз: