Алматыдағы ауруханада жүзден астам шетелдік жатыр – коронавирус

150
Фото: pixabay.com

Алматының Денсаулық сақтау басқармасы Қытай мен басқа да шетелдің 100-ден астам азаматының карантинде жатқанын растады. Ауру белгісі табылмаған 10 қытай ауруханадан шығып үлгеріпті, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Оларды қала сыртындағы оқшаулау орталығына жапқан мамандар, арасында коронавирус жұқтырғандар жоқ деп сендірді.

«Алматыда Қытайдың 100-ге жуық азаматы карантинде жатыр» деген ақпарат әлеуметтік желіде желдей тарап, кешелі бері жұртты дүрліктірген. Ауруханада жатқандардың аты-жөні де жарияланды. Тізімде көрініп тұрғандай, барлығы мұнай, құрылыс компанияларының белді қызметкерлері. Оның рас-өтірігін анықтау мақсатында тізімді бастап тұрған «Мұнайлы Қазақстан» компаниясына бардық. Мұндағы басшылық өздерінің бет-жүзін көрсетуден қашқанымен, қытайлық қызметкерін бірден тани кетті.

— Біздің қызметкер ұшып келген, бірақ екі апта болды карантинде жатыр. Ол бізге қажет, алайда карантиннен шығара алмаймыз.

— Ол қандай қызметте, білікті маман ба? 

— Иә, әрине, әйтпесе бірнеше шекарадан өткізіп, шақырып неміз бар?

Десе де, коронавирусқа қарсы штаб басшысы бұл тізімдерді «жалған» деп отыр. Бірақ та, жүзден астам қытай мен басқа да шетелдіктердің каратинде жатқанын растады. Бәрінің де қауіпті аймақтан келгеніне қарамастан, олардан «еш қауіп жоқ» деп сендіреді мамандар.

Тілеухан Әбілдаев, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:

— Стационарда жатқан аурулардың барлығының да денсаулығы жақсы. Біз оларды тек медициналық бақылауда ұстап отырымыз. Олардың 14 күнге жақындағанда анализдері алынып, анализ қорытындысы бойынша ғана ауруханадан шығарылады.

Шетелден ұшып келген азаматтарды оқшаулау орталығында қазір 130 адам карантинде жатыр. Олар Қытай, Моңғолия, Иран, Оңтүстік Корея азаматтары. Арасында осы елдерде болып келген өз жерлестеріміз де бар. Биік дуалдың ар жағында өлі тыныштық. Аулада қыбыр еткен дыбыс жоқ. Ал ғимаратты полиция күзетіп тұр.

— Көлік ішінде неге бетперде тағып отырсыз?

— Өзімнің қауіпсіздігім үшін.  

«Қауіп жоқ» делінгенімен, қабырға сыртында тұрған тәртіп сақшысына дейін бетперде киіп алған. Ал оқшаулау орталығына екінің бірі кіргізілмейді. Тек коронавирусқа қарсы штаб өкілдері мен дәрігерлерге ғана рұқсат. Күні кеше бұл орталықтан 12 адам шығарылған. Оның 10-ы Қытай азаматы. Бұлардан бөлек, шетелде болып қайтқан 119 отандасымыз өз үйінде карантинге жабылған. Тағы екі мыңнан астам адам дәрігерлердің бақылауында.

Оқи отырыңыз:

Фото pixabay.com сайтынан алынды