Қандастар атажұртында өнер көрсетті

Тәуелсіздік алғалы бері сыртта жүрген 1 миллион 95,3 мың этникалық қазақ Қазақстанға қайта оралған. Оның ішінде Жамбыл облысына 30 жылда 79 мың 400-ге жуық қандас қоныстаныпты. Ағымдағы жылдың шілде айындағы жағдай бойынша тағы 7 415 қандасымызға Әулиеата өңірінің ауасын жұтып, туған жердің топырағында тұру бақыты бұйырып отыр, деп жазады MediaWorld.kz тілшісі.

Десе де әлі де әлемнің 43 елінде 5 миллионнан астам этникалық қазақ өмір сүріп жатыр. Олардың ішінде кейбірінің атажұртты аңсап, туған жерге жете алмай жүргені қаншама. «Елге ел қосылса құт, елден ел көшсе жұт» дейтін қазақтың бауырына қандас тұрмақ, ата жауы «жаздым-жаңылдым» деп келсе, ол да сыятыны белгілі. Осы қасиет қанымызда бар екенін сезетін шекара сыртындағы қазақтардың қаншамасының құжаты немесе басқа бабы сай келмей, туған топырағын, елін сағынып, ұлы дала иісіне зар болып жүргенін біз жақсы түсінеміз. Сол сағынышты басу мақсатында елімізде «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтіп жатыр. Сол арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қандастарымыз киелі топыраққа табан тіреп, көне Тараз тарихымен де танысуға мүмкіндік алып отыр.

Меймандарды облыс әкімі де қошеметпен күтіп алды. Кездесуде аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов тасын түртсе тарихы сөйлейтін көне шаһардың мәдениетіне тоқталып, фестивальде бақ сынайтын қандастарымызға сәттілік тілеп, жүрекжарды лебізін арнады.

Қасиетті қазақ елі фестивалін өткізудің мән-маңызы айрықша. Осы шараны өткізу барысында фестивальге 9 елден 35 өнерпаз келіп қатысып жатыр. Жыл сайын тұрақты өткізіліп жатқаны үлкен мерей. Бұл шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – әр елдегі қазақ өкілдерінің шығармашылық және ағартушылық әлеуетін арттыру. Сондай-ақ талантты азаматтарды анықтау және қолдау, сыртта жүрген өскелең ұрпақтың атажұртты көруіне, қандас ретінде бауырға басуға бейіл екенімізді сездіру, – деді Нұржан Нұржігітов.

Облыстың маңызды шешімдер қабылданатын бас ғимаратынан шыққан соң қадірменді меймандар шаһардың шырайлы жерлерін аралап, мұндағы халықтың тыныс-тіршілігімен етене танысты. Тарихи мекендерді көзбен көріп, рухани жаңғырып, «ұлы даланың жеті қыры» жайында әңгіме өрбітті. Тараз жерін алғаш көрген олар көне шаһар ерекше әсер қалдырғанын айтты. Ия, тарихи Отанын сағынып келген қандастарымыз көздің жауын алар шаһар сұлулығына, ұлттық мәдениетімізге тамсана қарағандарын, тіпті тіршілік еткенге өте қолайлы қала екенін тілге тиек етті. Сөз соңында қандас бауырымыз Базар Ырыстанұлы жергілікті тұрғындардың қонақжайлығына дән риза екенін жеткізді.

– Бұл – қасиетті жер, бұл – байтақ та киелі жер. Бұл жердің халқы да дархан даламыздай кең пейілді, жайдарман, мейірман халық. Сондықтан осы жерге табаным тағы бір тигеніне қуаныштымын. Аттан жығылсақ та, салт-дәстүрден жығылмаған халықпыз. Әрқашан да салт-дәстүрімізді, рухымызды, тарихымызды әлемге паш етуге әзірміз, – деді ол.

Меймандар арасында қандастарымыз жиі қоныстанған Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан елдерімен бірге Түркия, Иран, Ресей, Украина секілді мемлекеттерде тұратын ағайындар бар. Жарысқа қатысушылардың бірі – Марат Ыстыбаев. Ол Өзбекстан елінен келген. Жарты ғасыр шет елде тұрсам да жүрегім «қазақ» деп соғады дейді.

– Тараз менің есімде ерекше ескерткіштерімен есімде қалады. Мәселен туралығына, әділдігіне біз сүйсініп өскен Төле би, халықтың алып бәйтерегі – Жамбыл, ұлылықты бойына сіңіріп, оны халық игілігіне ұсына білген Абай аталарымыздың ескерткішін «Мынау біздің ұлы адамдардың ескерткіші» деп мақтанышпен айтуға болады. Ескі шаһар есімде басқа да ерекше жағдайлармен қалды. Бірақ ішіндегі маңыздысы осы деп білемін – дейді М.Ыстыбаев.

Талай таланттың, талай дарын мен тұлғаның бас қосуына себепші болған бұл шара бар қазақтың бауырмалдығының куәсі іспетті. Бұл тұрғыда Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметғали Сарыбеков те өз алғысын білдірді.

– Біздің өңірімізде, оның ішінде Тараз төрінде бірқатар қандастар жиналып, өнер көрсетіп жатыр. Адамның шығармашылық шабытын паш ету, іште бұғып жатқан талант пен тағы бір тыныс болса оны ашу үшін осындай іс-шараларды өткізіп тұрудың маңызы бөлек. Бүгінгі фестиваль көпшілікке ұнайтыны анық. Барша талант иелеріне сәттілік. Облыстық мәслихаттың атынан «Отандастар» қорына айтар алғысым шексіз! – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Қандас қазақтар фестивалі аясында жұртшылық назарына вокал-дәстүрлі ән айту, жыр мүшәйрасы, терме сайысы, қолөнершілердің үздік туындылары ұсынылды. Өнер фестиваліне еліміздің әр өңірінен келген қандастарымыздан бөлек, Түркия, Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстан сияқты мемлекеттерден 35 өнерпаз қатысты. Аталмыш фестивальдің мақсаты – қандастарымыздың әр алуан елде тұрса да біртұтастығы мен отансүйгіштігін кеңінен насихаттау. «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі сахнасында өзара кіл мықтылар бәйгеге түсті. Олар ұлттық өнерді жаңғыртып, көрермендерге рухани бағытта көңіл-күй сыйлады. Олардың өнерін бағалауға әр сала бойынша білікті мамандар қазылық етті. Айта кетерлігі әділ қазылардан бөлек қарапайым халық та дауыс беру құқығына ие болды. Нақты айтқанда көпшілік өнер иелерін QR-код арқылы бағалай алды.

Екі күнге созылған байқау өз мәресіне жеткенге дейін Тараздық тұрғындардың ішкі жан-дүниесі рухани байи түскенін айта кетуіміз керек. Әдемі әсер сыйлаған сайыс қорытындысы бойынша мүшәйрадан бас жүлдені Моңғолия елінен келген Ақылбек Тілектес иеленсе, терме, ән-күй байқауынан өзбекстандық қандасымыз Жанғар Мәмбетназаров алды. Ал қолөнерден топ жарған Иран мемлекетінен келген қандас Қадифен Шалах, вокалдан ҚХР азаматы Зейітхан Нұршат иеленді. Гран-при иегері мен жүлдегерлерге арнайы төсбелгілер мен дипломдар, бағалы сыйлықтар табысталды. Бас жүлдеге Ресейде жүрсе де ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген Айгүл Барамбаева лайық деп танылып, ол 1 миллион теңгеге ие болды. Бас жүлде иегеріне марапат пен сыйлықтарды облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы мен республикалық «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы табыстады.