Танымал блогер Алмас Тоқабай өзінің фейсбуктегі парақшасында АртСпорт туралы пікірін жазды, деп хабарлайды MediaWorld.kz.
Оның айтуынша, өзі қолға алған #Ауылфутбол жобасы Арт-Спорттың орынсыз талаптарына байланысты жолы кесіліп отыр.
– ArtSport деген құбылыс бар. Бағдарлама деп айта алмайсың енді. Себебін айтайын. Бағдарлама бойынша әр балаға арнап қаржы бөлінеді, сосын ол тегін қатысады. Ал секцияны мамандандырылған заңды тұлға жүргізеді. Күшті нәрсе. Сияқты. Әр спорт секциясы мықты болып, көбірек бала келгенін қалайды, ал әр бала тегін бара алады. Іс жүзінде қалай екенін айтайын:
#Ауылфутбол бойынша өзіміздің фонд арқылы қатысқымыз келді. Шарт бойынша жабық спортзал керек, дұрыс талап. Ауылдарда жалғыз зал мектепте, бірақ ол жалға бере алмайды (бергісі келмейді).
Сонда логика бойынша спортзал жоқ немесе авариялық жағдайда тұрған почти 1,5 мың ауылға ArtSport «бір жерін» көрсетіп тұр, – дейді блогер.
Алмас Тоқабайдың айтуынша, қаладағы һәм спортзалы бар елді-мекендер туралы екінші мәселе бар.
– Балам жеңіл атлетикаға барамын деп үй жақтағы секцияны қарағанда поставщик, яғни мемлекеттен спорт үшін ақша алып отырған ИП құрылыспен айналысуы керек екен, жарғысына солай көрсеткен. Сонда шынымен кәсіби мамандар алады ма, әлде «таныс құрылысшылар» жүргізе бере ме? Бұл үлкен сұрақ, – деді ол.
Блогер АртСпортқа қатысты өзі сорақы деп тапқан тағы бір жайттың бетін ашты. Айтуынша, мемлекеттік бағдарламаның арнайы сайтында мемлекеттік тілде ақпарат жоқ.
– Интерфейсінде бар әрине, іші орысша ағып тұр. Нонсенс деп айқайламайын, бірақ ұят нәрсе екені рас. Екінші жағынан «қазақша несіне керек, бәрібір ауыл алмайды» деп ойлаған шығар. Солай детилер. ArtSportтың тілімен айтқанда «Хотели как лучше, получилось как всегда», — деген Алмас Тоқабай жазбасын сарказммен аяқтады.