Қаржы пирамидасын жарнамалағандар қылмыстық жазаға тартылады — заң жобасы

Фото: pixabay.com

Парламент мәжілісі қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін жауапкершілікті қатаңдататын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Заң жобасын парламенттің бір топ депутаты әзірледі. Құжатта:

  • қаржылық (инвестициялық) пирамидалар құрғаны үшін жазаны қатаңдату;
  • қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу;
  • қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін тергеуді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған ішкі істер органдарына немесе экономикалық тергеп-тексеру қызметіне белгілеу;
  • қылмыстық іс-әрекеттердің әкімшілік құқықбұзушылықтардан аражігін ажырату;
  • жеке және (немесе) заңды тұлғалардың оны жүзеге асыру құқығы жоқ тұлғалардың пайдасына жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын және (немесе) өзге де мүлкін тартуға байланысты қызметті жарнамалауына тыйым салуды енгізу көзделген.

Мәжіліс депутаты Юрий Лидің айтуынша, заң қабылданғаннан кейін танымал адамдар, блогерлер мен вайнерлер қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.

Депутат қаржы пирамидаларын жарнамалау бойынша Қылмыстық кодекске 217.1 бап енгізілетінін атап өтті.

«Бұл баптың 1 тармағы бойынша 2000 АЕК-ке дейін (6 миллион теңгеден астам) айыппұл салу немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту және екі жылға дейін бас бостандығын шектеу көзделген. Ал 4-тармақта қылмыстық жаза қарастырылған – мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады», — деді Юрий Ли.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Оқи отырыңыз: