«Асарлатып үй салу» — ауқымды жоба

«Үйі жоқтың күйі жоқ», «Еңкейіп кіретін үйің болсын, жылытып ішетін асың болсын» деген халық даналығында қандай ғибрат пен қанағат жатыр десеңізші! Баспана – бақыт шамы. Бірақ қонысқа қолы жетпей жүрген отбасы қаншама? Бұл орайда бірлікті бекемдеген, тәрбиенің нағыз үлгісі саналатын, алайда ұмыт бола бастаған «Асар» дәстүрі ойға оралады.

Бүгінде кейбір аймақта қолданыстан шыға бастаған халқымыздың озық әдет-ғұрпы 2 жылдан бері Жамбыл облысында қайта жаңғырды. Нақты айтқанда, бұл үрдіс әулиеаталықтар арасында жоба ретінде жүзеге асырылып келеді. Өзге өңірлерге үлгі болып, халықтың көңілінен шыққан, алғыс арқалаған ауқымды бастаманың бүгінгі аяқ алысы қандай? Қанша отбасы баспаналы болып, қаншауы қоныс тойын тойлады? «Асар жобасының» адымы кең бе, әлде керісінше ақсап тұр ма? Инфрақұрылым сапасы қай деңгейде? MediaWorld.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Негізінде «Асар» – атадан қалған асыл салт. Туған-туыстар, көрші-қолаң жиылып, қиындыққа тап болған, тағдыр талқысына ұшыраған адамдарға қол ұшын созады. Тарқата айтқанда, көпшіліктің көмегімен ауыр жұмыстың аяқталуына атсалысады. Бірді-екілі адамның қолынан келмейтін тірлікті қауымдасып бітірудің оңай жолы. Ежелден бүгінгі күнге дейін жетіп, кең тараған түрі – шын мұқтаж жанға үй салып беру. Бұл – елдің ұйымшылдығының, қайырымдылығының ерекше көрінісі. Аталған дәстүр түркі халықтарына, оның ішінде тәжік, қырғыз, өзбек, түркімен халықтарына да ортақ болған. Бірлесіп істеген іс тез әрі қарқынды болады. «Жақсылық жасасаң – өзіңе, жамандық жасасаң – өзіңе» дейтін жұртшылық игі іске атсалысқаны үшін еш қайтарым күтпейді. Керісінше, ізгі ниет, ақ пейілмен келеді. Жұмыс аяқталған соң, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» жомарт жандардың барлығы бас қосып, кең дастархан жайылады. Бұл дәстүрлі көркем қасиет пен бауырмалдыққа тәрбиелейтін басты мұрамыз десек те болады.

Ең бастысы, халықтың жанарындағы қуаныш – ең мөлдір қуаныш. Сол қуанышты көрудің өзі – ізгі адамдарға бір бақыт. Бірақ, бүгінгідей мың құбылған қоғамда бір-біріне ақысыз көмек көрсету мүмкін емес тәрізді. Алайда, мұндай теріс көзқарасты қайта жаңғырған «Асар» жобасы бұзғаны анық.

«Асарлатып үй салу» бастамасын 2020 жылы Жамбыл облысының экс әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру мақсатында көтерген болатын. Содан бері нақты жоспар бекітіліп, құрылыс қарқын алды. Баспанаға шын мұқтаж жандар кезең-кезеңімен қуанышқа кенеліп жатты. Есте болса, 2 жыл бұрын қыркүйек айында «Асар» жобасы аясында салынған алғашқы қоныс қолданысқа берілді. Байзақ ауданы Мәдімар ауылындағы қуанышқа аймақ басшысының өзі ортақтаса барған болатын. Сапарбаев «Қазақ ешқашан жетімі мен жесірін жылатпаған» деген аталы сөзді алға тартқан-ды. Міне, сол уақыттан бері күні бүгінге дейін игі бастаманың шарапатын 250-ге жуық отбасы көрді.

Атап айтар болсақ, асарлатқан ағайынның көмегімен мұқтаж жандарға 2020 жылы 99 тұрғын үй, 2021 жылы 134 үй табысталып, жалпы жоба басталғалы 233 отбасы баспанамен қамтылды. Оның ішінде Тараз қаласы мен Қордай ауданында – 15 үйден, Байзақта — 18, Жамбыл, Мойынқұм, Шу, Талас, Сарысу  аудандарында – 9 баспанадан, Жуалы және Т.Рысқұлов ауданында — 14, Меркіде – 13 үй жағдайы жоқ отбасыларға берілген.

Биыл да бұқараны бақытқа бөлеген бастама өз деңгейінен биіктемесе, аласарған жоқ. Жыл соңына дейін 117 баспананың құрылысы жоспарланып, қазіргі таңда 13 үйдің құрылысы аяқталған. Оның ең көбі Қордай ауданында – 4,  Байзақ ауданында — 1, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас және Шу аудандарында қос-қос қоныстан мұқтаж отбасыларға қолданысқа беріліп, қуаныш сыйлап отыр. Сондай-ақ, жуырда қасиетті Құрбан Айт мерекесі қарсаңында Жамбыл ауданы, Рахат ауылының қос тұрғынына баспана кілті табысталды. Асарлатып үй салып берген ағайынға тұрғындардың айтар алғысы шексіз.

– Ауыл азаматтары мен жергілікті кәсіпкерлерге аналық алғысымды білдіремін. Баспана — бақыт шамы. Балаларыммен жаңа үйдің түтінін түтетіп, жеке үй-жайым болғаныма шексіз қуаныштымын, – дейді Рахат ауылының тұрғыны Азиза Анарбекова.

3 бала тәрбиелеп отырған азаматша отбасы ошақ қасында, ал күйеуі әртүрлі жұмыс атқарады. Енді жылдар бойы үйге жарымай, әбден қиналған жанұяның 5 бөлмелі баспанасы, 7 сотық жері бар. Аталған ауыл тұрғыны Салпағаровтар отбасында да дәл осындай қуаныш.

– Өзім ІІ топтағы мүгедек ретінде есепте тұрмын. Әйелім, бір балам бар. Көрші-қолаңға, жұмыла көмектескен жұртқа дән ризамын, – дейді Хамит Салпағаров.

Бұл құрылыстың бәрінің инженерлік инфрақұрылымы сапалы жасалған. Тек табиғи газ енді тартылмақ. «Көп түкірсе, көл» дегендей, Жамбылда жаңғырған дәстүр қарқын алып, өңірде жүздеген тұрғын үйлер салынып жатса, баспанаға мұқтаждар саны сәл де болса азаяры сөзсіз. Бастысы – ел игілігі мен мұраты. Сауабы мол іс алдағы уақытта да қарқынды жалғаса беретініне сенейік.