Қаскелеңде ер адам көпірден секірмек болды – видео

29
Фото pixabay.com сайтынан алынды

Қаскелең қаласында полицейлер 25 метрлік көпірден секірмек болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Оқиға 14 қыркүйекте болған. Қаланы кешкі патрульдеу кезінде Қарасай аудандық полиция басқармасы патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары мен ППР қызметінің инспекторлары көпірдің қоршау бағанынан өтіп кеткен ер адамды байқаған.

«Полицейлерді көрген азамат көпірден секіретінін айғайлап айтып, олардың жақын келмеуін талап еткен. Жағдайды ушықтырып алмау үшін тәртіп сақшылары оған жақындамаған», – делінген ақпаратта.

Полицейлердің айтуынша, ер адам түсініксіз күйде болған. Кейіннен оның сол сәтте ішімдік пен есірткіге масаң күйде болғаны анықталды.

Көпірден секірмек болған 42 жастағы азамат сол жердің тұрғыны болып шықты. Бұған дейін есірткі сатқаны үшін сотты болған. Азамат өзін өлтіргісі келетінін айтқан.

«Ер адамның жеке тұлғасы анықталғаннан кейін полиция оның әпкесіне хабарласып, оқиға орнына шақырды. Туысқаны жанына келіп, құшақтаған сәтте полиция ер адамды қауіпсіз жерге шығарып алды», – дейді тәртіп сақшылары.

Ер адам бірден сауықтыру үшін арнайы орталыққа жіберілді.

Айта кетейік, 11 қыркүйекте Атырауда полиция суицид жасамақ болған бойжеткенді құтқарып қалды. Қыз түнгі үште Атыраудағы «балықшы-жұмыскер» автокөлік көпірінен секірмек болды. Кейіннен оның 20 жастағы құрбысымен ренжісіп қалғаны анықталды.

Оқи отырыңыз: