Astana Hub тәжірибесін аймақтарға жеткізуде

25
Фото: Astana Hub баспасөз қызметі

Екі күн бойы, 10-11 тамыз аралығында Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі онлайн режимде Қазақстанның аймақтық акселераторлары мен инкубаторларының басшылары мен қызметкерлеріне арналған оқыту курсын өткізді. Оқыту сессиясына Қазақстанның 17 қаласынан 30-дан астам адам қатысты.

Курс бағдарламасында елордалық технопарктің аса сұранысқа ие бағдарламалары бойынша талдау жасалып, жиі қойылатын сұрақтарға, оның ішінде Astana Hub-қа қатысушы ретінде тіркелу және салық жеңілдіктерін алу бойынша жауаптар берілді.

Аймақтық технопарктер мен инкубаторларды дамыту бойынша жұмысты Astana Hub командасы 2019 жылы бастады. Startup Sapary бағдарламасы аясында технопарк өкілдері «Стартап мектебі» атты тегін қарқынды курспен Қазақстанның 17 облыс орталығына барды. Сапар қорытындысы бойынша Astana Hub технопарктің оқыту бағдарламалары мен әдіснамасын қамтитын әрбір аймақты дамыту бойынша ынтымақтастықтың жеке жоспарын әзірледі.

«Біздің команда бірлескен жобаларды құру және Қазақстанда IT-кәсіпкерлікті дамыту үшін өңірлердің технопарктерімен тығыз ынтымақтастық жүргізеді. Қазіргі қиын жағдайға қарамастан, аймақтармен жұмысты онлайн-форматта жалғастырамыз. Қазақстанда қалыптасатын экожүйе екі қаланы – Нұр-Сұлтан мен Алматыны көбірек қамтиды. Біздің міндетіміз — еліміздің өңірлерін барынша көп тарту. Өткен жылы өңірлерге барған кезде стартап құрып, экожүйенің бір бөлігі болғысы келетін креативті, озық балалардың көп екенін көрдік. Ол үшін Қазақстанның барлық технологиялық қоғамдастықтарының күш-жігерін біріктіру қажет», — деді Astana Hub бас директорының міндетін атқарушы Әділет Нұрғожин.

Екі күн ішінде курсқа қатысушылар келесі тақырыптар бойынша оқудан өтті:

  • стартап-жобаларды масштабтау
  • стартаптар шоғырлануы
  • инвесторлармен қалай жұмыс жүргізу
  • Astana Hub қатысушы ретінде тіркелу және преференциялар
  • R&D орталықтары мен зертханаларын ашу
  • БАҚ-пен жұмыс
  • әлеуметтік желілерді жүргізу

Технопарк өкілдерінің айтуынша, өңірлік технопарктерді қолдау жұмыстары жалғасады. Сарапшылар апта сайын менторлық және сараптамалық қолдау көрсетеді. Аймақ өкілдері барлық сұрақтарын арнайы құрылған telegram чатында қоя алады.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі аккаунттарымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз