Астаналық полицейлер интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлері жайында айтып берді

49
Фото: pixabay.com

Алаяқтық – ең көп таралған қылмыстың бірі. Ал оның ең жиі кездесетін түрі – интернет алаяқтық. 2022 жылдың өзінде жасалған алаяқтық істердің жартысына жуығы, яғни 47%-ы интернет-алаяқтыққа қатысты болыпты. Бір ғана Астана қаласы бойынша жыл басынан бері 2 мыңнан аса факті тіркелген. Астана қаласы Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес бөлімі басшысы Олжас Майтқанов интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрлері туралы айтып берді, деп жазады МediаWorld.кz.

Олжас Майтқановтың айтуынша, интернет-алаяқтықтың көш басында тауар сату мен қызмет ұсыну түрі тұр.

  • Ол түрлі тауар сататын жалған интернет-дүкен немесе сатушы болуы мүмкін. Екінші орында банктің қауіпсіздік қызметінің немесе құқық қорғау органдарының өкілімін деп хабарласып, шотыңыздан ақшаңызды жымқырудың амалын жасайтын тәсіл, — дейді Олжас Майтқанов.

Көпті сан соқтырған айланың келесісі – құнды қағаздар мен криптовалютаны сату, қор биржаларының қызметін ұсыну екен. Өкінішке орай, қанша ескерту жасалса да оңай олжаға кенелгісі келетіндер азаймай отыр.

Таныс адамдардың атынан хабарласып ақша сұрау да белең алып барады.

  • Мысалы досыңыздың атынан біреу хабарласып: “Қиыншылықтарға тап болдым, маған шұғыл түрде 200 мың теңге қажет боп тұр” немесе “Жол апатына түстім, істі жабу үшін ақша керек, бере тұршы, кейін қайтарамын” деуі мүмкін. Ал соңғы кезде тіпті өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырып, қорқытып, ақша бопсалайтын жағдайлар көбейіп барады, — дейді тәртіп сақшысы.

Сан соғып қалмау үшін мұқият болып, қырағылық таныту керек, — дейді Олжас Майтқанов. Әсіресе бейтаныс адамдар хабарласса жеке мәліметтерді беруден, күдікті шоттарға ақша аударудан сақ болған абзал.