Қасым-Жомарт Тоқаев тұратын ауылда интернет жоқ

Фото: видеодан алынған кадр / YouTube

Қостанай облысында Президентпен аттас бала – Қасым-Жомарт  Тоқаев тұрады. Кішкентай Қасым-Жомарттың арманы – Мемлекет басшысымен кездесу, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

12 жастағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арманы туралы Astana телеарнасы арнайы сюжет ұсынды.

Егер президентпен кездесе қалсам туған ауылыма ұялы байланыс пен  интернет орнатып беруін сұрар едім дейді.

Кішкентай Қасым-Жомарт Тоқаев Амангелді ауданына қарасты Үштоғай ауылдық мектебінде  алтыншы сыныпта оқиды. Үш баланың ортаншысы тік мінезді, алғыр. Оқушы Қасым-Жомарт ел президентімен есімінің бірдей болғанын ерекше мақтан тұтады. 2010 жылы дүниеге келген оған әкесінің әпкесі ырымдап, осы атты қойған екен.

“Менің арманым өзіммен аттас Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескім келеді. Егер де  кездесетін болсам ауылыма ұялы телефон байланысы мен интернет өткізіп берсе екен деп сұраймын”, – дейді оқушы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ауыл мектебінде 50-ден астам оқушы білім алып жатыр. Ұялы байланыс пен интенет желісі болса оқушылардың көзқарас көкжиегі кеңейе түсер еді дейді ұстаздар.

Осы мәселені шешу үшін тиісті құзырлы органдарға, байланыс жүйесімен  айналысатын мемлекеттік органдарға шыққан болатынбыз. Енді соның нәтижесін биыл көреміз деп отырмыз, – дейді Амангелді ауданының әкімі Талғат Кәрбозов.

Әкім алдағы үш-төрт айдың көлемінде мобильді байланыс мәселесі толық шешіледі дейді. Күзге қарай Үштоғай мен Степняк ауылында байланыс мұнарасы бой көтереді. Ал қалған елді мекендерге ғаламтор желісі келесі жылы жетеді деп жоспарланып отыр.

Оқи отырыңыз: