Ата кәсіпті дамыту айрықша мәнге ие

Фото: pixabay.com

Ата кәсіпті тіршілігіне арқау еткен шопан атаулының ұстазы әрі мал өсірудің шебері, данагөй ақсақал Жазылбек Қуанышбаевтың есімі мен еңбегі күні бүгінге дейін ел жадында. Тегінде ата-бабамыз «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» деп бекер айтпаса керек.

Ақиқатында адамзат баласы еті қуат, сүті шипа, жүні алтын қой өсіру арқылы тірлігін тіктеді. Соның ішінде қолына таяқ ұстап, мал соңына түскен қазақ маңайына сыйлы, ағайын арасында абыройлы болды. Тіпті КСРО дәуірінде шын бейнетке белшесінен батқандардың кейбірінің еңбегі еленіп, Социалистік Еңбек Ері атанды. Ал бүгінгідей ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда таң атқаннан қара кешке дейін мал соңында жүргендердің еңбегі ақталып жатыр ма? Кешегі Жаз атамыздан қалған кәсіпті ұқсатқандардың арасында елге сыйлы, көпке мәлім шопандар бар ма?

Төрт түлікті төлдету, түлету тұнып тұрған бейнет. Осы кәсіптің машақатынан қашқан қалталылардың дені мал баққаннан гөрі, заманына қарай басқа кәсіпті таңдап жататыны жасырын емес. Десе де оңтүстік өңір, оның ішінде ауылдық жерден шыққан малсақ азаматтар ата-салттан жаңылған жоқ. Мәселен Жамбыл облысына қарасты Сарысу ауданында соңғы уақытта мал шаруашылығы қарқынды дамып келді. Ауданы 3 136 094 гектар жерді құрайтын аталмыш ауданның нақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерінің үлесі – 675 495 гектар. Ал оның ішінде жайылымдық жер 593 847 гектар. Бір айта кетерлігі, бұл көрсеткіш 2015 жылы 237 697 гектар болған еді. Қазіргіге қарағанда 2 есеге аз тұғын.

Мұнда 7 жыл бұрын 552 шаруашылық болса, бүгінде барлығы 839 шаруа қожалығы тіркелген. Иә, кейінгі кездері шаруа саны да артып келеді. Аталған шаруалардың нақты 434-і малмен айналысады. Олардың 9-ы бүгінде республикалық асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы палатаға тіркелген. Тіпті ішінде 8 шаруашылық қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойды және 1 шаруашылық қазақтың ақбас сиырын өсіріп келеді.

Ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша аудандағы мүйізді ірі қара саны 24 825-ке, уақ мал 275 553-ке және жылқы 8 403-ке, түйе 3 160-қа, құс саны 26 029-ға жетіп отыр. Алда мал шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 5 898,1 миллион теңгеден асады деп жоспарланған.

Фото: pixabay.com

Мемлекеттен қолдау болса кез келген кәсіп түрі алға қарай өрлейтіні белгілі. Осы мақсатта 2020 жылы ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін түрлі бағыттағы жалпы 148 шаруа қожалыққа 187,6 миллион теңге мемлекеттен қолдау (субсидия) көрсетіліпті. Бұл үрдіс жыл сайын үйреншікті дәстүрден жаңылмай келеді. Сарысу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Мұрат Мұқанұлы бүгінде жаңа субсидияға өтінімдер қабылданып жатқанын жеткізді.

– Өткен жылы мал шаруашылығын субсидиялау бойынша кезекті 173 шаруаға 227,2 миллион теңге бөлінді. Осы жылы субсидиялауға өтінімдер жолдануда. Енді тамыз айының екінші жартысынан бастап, шаруашылықтарға субсидия қаржысы аударылатын болады.

Ата кәсіпті дамыту өз алдына бір мәселе. Себебі халықты ет және ет өнімдері, сүт және сүт өнімдері секілді азық-түлікпен толық қамтамасыз етуде мал шаруашылығын дамыту айрықша мәнге ие. Ол үшін табиғи, ашық даладағы жайылымдарды тиімді және ұтымды пайдаланған абзал. Бүгінде малды жайылымда жаюдың және айдаудың маусымдық маршруттарын белгілейтін жайылымдарды пайдалану жөніндегі күнтізбелік график жасалған, әрі тиісінше жайылым кезеңінің ұзақтығы белгіленген. Мысалға сексеуілді, бұта, жыңғыл тектес өсімдігі бар далалы жерде 180-200 күн, ал шөлейтте 150-180 күн. Айта кетерлігі, бұл ретте сүтті ірі қара малды жаю ұзақтығы ең азы, ал етті ірі қара мал үшін, қой, жылқы, түйе үшін максималды мал жаю ұзақтығы қар жамылғысының тереңдігіне, қардың тығыздығына және басқа да факторларға байланысты, – дейді Мұрат Мұқанұлы.

Алдағы жылы осы ауданда «Qazaq bio product» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Израильдік «Lr Group» компаниясымен бірлесіп, жалпы құны 32 миллиард теңгені құрайтын, жылдық қуаттылығы 33 000 тонна сүт өндіретін 2 600 бас сиырға арналған сүт фермасының құрылысын бастамақшы екен. Жоба аясында Еуропа елдерінен 2 600 бас асыл тұқымды сүтті бағыттағы Голштин сиырларын сатып әкеліп, 3 000 гектар арқылы жем-шөп базасын құруды жоспарлапты. 2 700 гектар егіс алқабында АҚШ-тың «Valmont» атты жаңбырлатып суару жүйесін пайдаланылмақ. Жем-шөп базасын дайындауға науқан уақытында 150 адамды, сүт тауарлы фермасына 65 адамды жұмысқа тарту көзделген.

Жоспарлы жоба жемісінің нәтижесі уақытында белгілі болар. Десе де ауданда шаруалар мал бағып қана қоймай, өңдеу өнеркәсібі арқылы осы тектес ауыл шаруашылығы тауарын өндіретін кәсіпорындарды қоса ашуы құптарлық жағдай.