Атырау облысында 4 жасар егіз қыздар терезеден құлап кетті

Көрнекі фото: pixabay.com

Атырау облысында екі егіз қыз бала көпқабатты үйдің үшінші қабатынан құлап кеткен. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісіне оқиға орнында болған куәгер хабарлады.

Оқыс оқиға 27 маусым күні Атырау облысындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған.

Куәгердің сөзінше, 4 жастағы егіз қыздар терезеге шығып, үшінші қабаттан құлап кеткен. Куәгерлер бүлдіршіндердің облыстық балалар ауруханасына жеткізілгенін мәлім етті.

Облыстық ТЖД-ның мәліметінше, оқыс оқиға туралы ақпарат 27 маусым күні сағат кешкі 22.10-да келіп түскен. Мекеменің мәліметінше, бұл осы жылы Атырауда тіркелген екінші жағдай.

«2022 жылдың басынан бері терезеден құлау фактісі екінші рет тіркеліп отыр. 3 бала жарақат алды. Былтырғы жылы жоғарғы қабаттан 5 бала құлады. Оның үшеуі жарақат алып, екі бала көз жұмды. Оқыс жайттарға тап болып жатқандар 2-7 жас аралығындағы балалар», — дейді Атырау облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметі.

ТЖ алдын алу бөлімі қайғылы жағдайды болдырмау үшін бірнеше қарапайым ережені есте ұстау керектігін айтып отыр:

  • Балалар 12,5 сантиметрден астам қашықтыққа ашылған терезеден құлап кетуі мүмкін.
  • Барлық терезелерге 12,5 см-ден астам қашықтыққа ашуға мүмкіндік бермейтін тақтайлар немесе қоршаулар орнату қажет. Механизмдер жабық терезе режимінде ғана емес, «желдету» режимінде де жұмыс істейді.
  • Терезенің қасында балалармен ойнамаңыз. Өтіп бара жатқан көлікті және т. б. көрсету үшін оларды терезе алдына шығармаңыз.
  • Терезенің жанында оңай көтерілетін жиһаз қоймаңыз және москит торына сенбеңіз.
  • Жалюздің жіптері мен шынжырлар ілінбеуі керек: олар балаға терезеге шығуға көмектеседі.
  • Қылтиманы жабу керек.
  • Балаларды аз уақытқа да қараусыз қалдырмаңыз.

Материал авторы: Әйгерім Сайқын

Автор: Адина Жусупова

Оқи отырыңыз: