Атырау облысында «Теңіз» мұнай кен орнының қызметкерлері наразылыққа шықты – видео

Фото: видеодан алынған кадр

Атырау облысында орналасқан «Теңіз» мұнай кен орнының қызметкерлері де наразылыққа шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мұнайшылардың маңғыстаулықтарды қолдап наразылыққа шыққан сәтінің видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.

Әлеуметтік желілердегі видеодан мұнай-газ өндіретін компания аумағында жүздеген ер адамның арнайы жұмыс киімінде бір бағытқа қарай қозғалып бара жатқанын көруге болады.

«Теңіз – ереуіл. Маңғыстауды қолдаймыз!», деп ұрандатып жатыр наразылық білдірушілер. Сондай-ақ олар Қазақстанның мемлекеттік Әнұранын хормен орындап жатыр.

Атырау облысы полиция департаменті ереуіл туралы ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады. Оқиғаға байланысты кейінірек түсініктеме беруге уәде берді.

Содан кейін тілшілер оқиғаға байланысты «Теңізшевройл» мұнай өндіретін компанияның баспасөз қызметімен байланысқа шықты, компания өкілдері жақын арада түсініктеме беретінін жеткізді.

Маңғыстаудағы наразылық

Бұған дейін сұйытылған газ бағасының күрт көтерілуіне наразы Маңғыстау облысының тұрғындары бірқатар елді мекендерде, соның ішінде Жаңаөзен мен Ақтауда наразылыққа шықты.

Оған автокөлікке жанармай құю үшін газдың құны екі есеге – литріне 120 теңгеге дейін өскені себеп болған. Тұрғындар бағаны 60 теңгеге дейін төмендетуді талап етті.

Қазақстанның энергетика министрлігі газ бағасын енді сұраныс пен ұсынысқа сәйкес нарықтың өзі қалыптастыратынын түсіндірді. Әкімдік газ бағасын реттеуге араласпайды, өйткені бұл бәсекелестік тудыратын тауар саналады. Жеке кәсіпкерлер тарапынан бағаны негізсіз көтеру фактілері туындаған жағдайда, бәсекелестікті қорғау агенттігінің департаменті әкімшілік шаралар қабылдайды.

2-3 қаңтарға қараған түні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды шұғыл түрде қарастыруды тапсырғанын жазды. 4 қаңтарда құрамында президент әкімшілігінің қызметкерлері бар үкіметтік комиссия Ақтауда жұмысқа кіріскенін хабарлады.

Республикалық оперативтік штаб тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр. Комиссияға еліміздегі тұрақтылықты сақтай отырып, туындаған мәселе бойынша өзара тиімді шешім шығару жүктелді, деді президент.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз