Атыраулық қари Құранды жатқа оқып, автокөлік ұтып алды

23
Фото: muftyat.kz

Павлодар қаласындағы «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІІІ республикалық байқауы мәресіне жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

80 үміткер қатысқан байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, сауапты іс-шараға демеушілік жасаған Бахаридин Аблазимов, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Қазақ елі ертеден Құран десе құлағы түрулі тұратын, Алланың сөзін құрмет тұтатын халық. Кімнің үйіне барсаңыз да төрінде Құран ілулі тұрады, ал оны біреу оқыса, ұйып тыңдайды. «Ағраф» сүресіндегі: «Қашан Құран оқылса, Оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер. Әрине мейірімге бөленерсіңдер» деген аятқа амал еткен ата-бабамыздың жолы бізге де нәсіп болып отыр.

Аллаға сансыз шүкір, елімізде жыл санап қариларымыздың қатары артып келеді. Тәуелсіздік алған жылдары Құран оқи алатын адамдарға төрден орын берсек, одан кейін оның бірнеше парасын жаттап алған, тағы бір кезеңде Құранды толық жаттаған қариларға айрықша құрмет көрсетілді. Ал бүгінгі таңда Құран оқудан ижазасы бар қари көрсек, жүрегіміз елжірейді. Осы байқауды өткізуге демеуші болған Бахаридин Нұғманұлына, Сәдуақас Олжабаев қариымыз бастаған әділқазы мүшелеріне алғысымды білдіремін. Байқауға қатысқан қариларымыздың бәрі жеңімпаз атанды деп санаймын. Өйткені бұл байқау әрбір қариға үлкен жігер сыйлады. Жүлделеріңіз құтты болсын», — деді Бас мүфти марапаттау рәсімінде.