Ауыл шаруашылығы субсидияларын жымқырғандар ұсталды

Фото: Zakon.kz / Максим Золотухин

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бөлімшелері мен оған қарасты ұйымдардағы 30-дан астам тұлға бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының көмекшісі Шыңғыс Әлекешев, деп хабарлайды Zakon.kz.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген ауқымды арнайы операция нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық бағынышты бөлімшелері мен ұйымдарының, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің шенеуніктерінен құралған қылмыстық топтардың жолы кесілді, — деді Әлекешев.

Оның сөзінше, күдіктілер субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырумен айналысқан, сонымен қатар кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара және заңсыз сыйақы алудың сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастырған.

– Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде, заттай айғақтар тәркіленді, 30-дан астам тұлға анықталды, олардың көпшілігі қазірдің өзінде қылмысын мойындап, тергеуге көмектесуде. Тергеу мүддесі үшін басқа мәліметтер жарияланбайды, — деді көмекші.

Бұған дейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Нұр-Сұлтан, Шымкент, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатқанын хабарлаған болатын.

Ұсталғандардың барлығы ауыл шаруашылығы субсидияларын жымқыру күдігіне іліккені атап өтілді.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондайақ біздің Facebook тегі тобымызға қосылыңыз