Елімізде қатерлі ісікке шалдыққан науқастар саны артып барады. Бейресми дерекке сүйенсек, жыл сайын 15 мыңнан астам отандасымыз осы аты жаман аурудан бақилық болады екен. Алайда, дәрігерлер қатерлі ісік ерте анықталса, кеселден құлан таза айығып кетуге мүмкіндік бар дейді. Сондықтан жыл сайын скринингтен өтіп, ауырмаудың жолын іздеу керек екен. Қатерлі ісіктен қорғану үшін не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтар бойынша Алматы қалалық №28 емхананың онколог-дәрігері Гүлбану Егенбердиевамен аз-кем сұхбаттасқан едік.

Қазір елімізде онкологиялық аурулардың қандай түрлері көп кездеседі?
Елімізде онкологиялық аурулардың ішінде ең жиі кездесетіні:
- Сүт безінің қатерлігі ісігі. Өткен жылдың өзінде Алматы қаласында осы дертке шалдыққан 728 науқас тіркелді.
- Одан кейін жатыр мойнының қатерлі ісігі
- Тоқ ішек пен тік ішек қатерлі ісігі
- Қалқанша безінің қатерлі ісігі
- Ауыз қуысының, терінің қатерлі ісігі
- Ішкі ағзалардың қатерлі ісігі
Онкологиялық аурулардың алдын алу үшін не істеу керек?
Онкологиялық аурулардың алдын алу үшін ең алдымен салуатты өмір салтын ұстану керек. Ол үшін дұрыс тамақтанып, құрамында дәрумендері бар, пайдалы элементтерге бай тағамдарды тұтыну қажет.
- Спортпен шұғылдану керек
- Әйелдер тұрақты түрде омырауларын тексертіп тұруы қажет
- Темекі, алкоголь секілді зиянды әдеттерден бас тарту
- Артық салмақтан арылу
- Ең бастысы скринингтен өту керек
Қатерлі ісіктен емделуге бола ма?
Әрине. Кез-келген ауруды ерте анықтаса, дер кезінде ем-дом жасап, құлан-таза айығуға мүмкіндік бар. Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін үш түрлі бағдарлама бар:
- Сүт безінің қатерлі ісігі (40-70 жас аралығында )
- Жатыр мойнының қатерлі ісігі (30-70 жас аралығында)
- Колоректальный крининг (әйелдер және ерлер) 50-70 жас аралығында
Өз денсаулығын, болашағын ойлаған азамат жыл сайын скринингтен өтуі тиіс. Ауру белгілері байқалмаса да дәрігерге бір қаралып қойғаны дұрыс. Қатерлі ісік ерте анықталған жағдайда оны емдеп, өмір сүру жасын ұзартуға болады
Елімізде қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға қандай жеңілдіктер қарастырылған? Ем-дом тегін бе?
Қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың зертханалық, инструменталды зерттеу әдістері де, барлық емдеу түрлері де елімізде тегін қарастырылған. Яғни, науқаста осы ауру белгілері байқалса ол бірден мемлекет қамқорлығына алынып, ем-шаралары тегін жүргізіледі.
Онкологиялық аурулардың көбеюіне не себеп?
Қатерлі ісіктің көбеюіне бірнеше фактор әсер етеді. Әсіресе, экология, дұрыс тамақтанбау, семіздік, зиянды әдеттер, депрессия, стресс, имунитеттің төмендеуі, вирустар, радиация әсерінен осы кеселге душар болғандар көп. Сондай-ақ бұл ауру тұқым қуалайды.
Онкологиялық ауру жасарып барады деген рас па? Бұрын тек үлкен кісілер шалдықса, қазір жастар арасында да көп кездеседі дейді.
Иә, рас. Бұрын қатерлі ісік тек қарттар, орта жасқан азаматтарда кездестін. Ал, қазір 18 жастағы қыздардың арасында да сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан науқастар бар. Бұл обыр дертінің жасарып бара жатқанын білдіреді. Сондықтан басты байлық денсаулықты күту керек. Ол үшін мен айтқан жат қылықтардан аулақ болып, ауырмаудың жолын іздеген абзал.
Сұхбатыңызға рахмет! Аман-саулықта жүздесейік.