ҚазҰУ жерінің бір бөлігін жеке компанияға беру кезінде заңбұзушылықтар анықталды

Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың «Ақ жол» ҚДП фракциясының 13 сәуіріндегі депутаттық сауалына қайтарған жауабында жазылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Алматы прокуратурасы Жер ресурстарын басқару департаментіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) жер телімдерінің бір бөлігін алуға қатысты заңбұзушылықтарды жою талабы жолданды.

«Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалына жауап берген Бас прокурор Берік Асылов 2012 жылдың 30 қаңтарында ҚазҰУ әкімдігінің қаулысымен жерді тұрақты пайдалану құқығы бойынша 73,26 гектар жер учаскесі берілгенін еске салды.

“2017 жылдың 2 қазанында қала әкімдігі осы учаскенің шекарасын оның аумағын 1,82 гектарға азайта отырып, түзету туралы қаулы қабылдады. Жердің қысқартылған бөлігін «Омирекс» ЖШС – 0,74 га, инженерлік желілер – 0,56 га және Ш.А.Мұстафаев – 0,52 га жерді иемденді”, – деп жазылған жауапта.

Бұл ретте Берік Асылов Алматы қаласының әкімдігі Жер кодексінің 48 және 82-баптарын бұза отырып, «Омирекс» ЖШС-не жер телімін конкурссыз және ҚазҰУ-дың жер пайдалану құқығы тоқтатылғанға дейін бергенін түсіндірді.

«Сондықтан, Алматы қаласының прокуратурасы қалалық жер ресурстарын басқару басқармасына заң бұзушылықтарды жою туралы талап жолдады», – деп қорытындылады бас прокурор.

Қазіргі кезде құжат қарастырылып жатыр.

Оқи отырыңыз: