«Қазақ билігіне дені сау халық керек болса, мал басын көбейтіп, ет-сүт өнімдерін арзандатудың жолын іздеу керек» — журналист

24
Фото pixabay.com сайтынан алынды

Журналист әрі қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы қазақ халқының дәстүрлі тағам-тамақтарынан ажырап бара жатқанын айтады. Оның айтуынша, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тамақтану дәстүрінен бас тарту қазақ баласы үшін аса қауіпті. Осының салдарынан халқымыздың иммунитеті әлсіреп кеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz  ақпарат порталы.

«Коронавирусқа қарсы вакцина табылғанша адамзат үрейден арыла қоймайды…

Не істеу керек?

Қазақ билігіне дені сау халық керек болса, мал басын көбейтіп, ет-сүт өнімдерін арзандатудың жолын іздеу керек (Сөздің ашығы, басты жолы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты ауыздықтау ғой).

Ағзасы мыңдаған жылдар бойы мал өнімдеріне дағдыланған қазақ баласы үшін дәстүрлі тағам-тамақтардан бас тарту қауіпті екенін фейсбук пайдалануды үйренгелі айтып келеміз… Соңғы күндері қойдың құйрық майы иммунитетті көтеретіні туралы әңгімелер айтыла бастады.

Ол негізсіз емес. 1920 жылдары қазақ халқы күштеп отырықшыландырып тұрмыс салты өзгерді.

1960 жылдардан тойына бастағанмен рационымыз өзгеріске түсті. Дастарханымызда көкөніс пайда болды…

Бірақ ет-сүт өнімдері азая бастады…

Жап-жас жігіттер белсіздікке душар болып жатыр деп дабыл қағылғалы біраз болды. Оның көптеген себептері де айтылып жатыр. Бірақ, қазақ баласы үшін оның ең үлкен себебі, тоңмайды (малдың ерітілген іш майы) пайдалануды шектеу екенін көп адам, тіпті дәрігерлер де түсінбей жүр.

Холестерин батыс адамы үшін аса қауіпті шығар?!

Бірақ, қазаққа қауіпті емес.

Себебі, Жаратқанның есебі түгел… Мыңдаған жылдық эволюция қазақ баласының ағзасында оған қарсы иммунитет қалыптастырмауы мүмкін емес. Бірақ евроцентристік біліммен сусындаған біздің ғалымдарымызға оны түсіндіру қиын…

Қалай болғанда да, атаңның жеңсік асы табылып тұрса, көмейден өтсе болды деп, көрінген бәле-бәтерді ауыздарыңа ала бермей, атаң жеген тағамды жеуге тырысыңдар…

Атақты дәрігер Әбу Синаның айтуынша, ауру адамға ең күшті шипа — туған жерінің шөбінен жасалған дәрі, туған жерінің шөбін жеген мал етінен жасалған тамақ, т.с.с…

Келіндердің құлағына алтын сырға…», — деп атап өткен ол.

Журналистің айтуынша, дұрыс сақтамаса қойдың құйрық майының қасиеті жоғала бастайды.

«Тоңазытқыштың мұздатқышы қойдың құйрығының тағамдық қасиетін жойса, жылқының қазы-қартасының тағамдық қасиетін кемітеді… (Пақырларыңыз «Төменгі температуралардың техникасы мен физикасы» деген ілімді ҚазХТИ-е 6 жыл игеріп, тағы біраз жыл жобалау институтында мұздатқыштардың жобасын жасап жүріп біраз әдебиет ақтарған).

Деректерді қарасақ, біздің ата-бабамыздың арасында ет сүрлеу сонау қимақ заманынан белгілі (Арғы бабалар да сүрлеген шығар, бірақ ол туралы әзірге дерек табылған жоқ). Етті мұздатып, артынан ерітіп отырғанның орнына аздап кептіріп, тоңазытқыштың температурасы жоғарылау бөлігінде сақтаған жөн.

Ал қойдың құйрығын тұздап, сап-сары етіп кептіру барысында табиғи жарық (фотосинтез) пен жел арқылы құнарына құнар қосыла түседі.

Қазіргі дәрігерлердің «Диета» деп жүргені еуропалықтардың ағзасына өлшеніп жасалған.

Жоғарыдай айтқанымдай, мыңдаған жыл сүр етпен қоректенген қазақ баласының ағзасы сүрленген құйрық пен қазыны қалай сіңіреді деп уайымдамаңыздар…», — деп жазады.

Сонымен қатар, ол сүйектің пайдасына да тоқталып өтеді.

«Сосын, «Қымбаттау болса да базардан сүйексіз ет алдым» деп қуанба…

Бірнеше ашаршылықты басынан кешірген адамдардың баласы ретінде айтайын…

Даладан тауып алған қу сүйекті суға қайнатып, сорпасын ішіп те талай адам тірі қалған…

Сүйектің сорпаға шығар майы мен кемігі, жіліктің майы қазақ баласы үшін иммунитеттің қайнар көзі…

Сондықтан сүйекке «сүйек-саяқ» деп қарама…

Құдай сақтанғанды сақтайды…

Сақтанайықшы…

Сақтанғаның айналаңды сақтағаның екенін бір сәтке де естен шығармашы…», — деп жазған өзінің facebook парақшасында.

Оқи отырыңыз: