Қазақстанда көбелектің жаңа түрі табылды

Фото: en.wikipedia.org

Отандық ғалымдар көбелектің жаңа түрін тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, жәндіктің жаңа түрі түнде ұшатын Catocala helena көбелектеріне жатады.

Оны Торайғыров университетінің энтомологы Сергей Титов Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы мен зоология институтындағы әріптестерімен бірге Қарағанды ​​даласынан тапты.

«Бұрын Catocala helena Ресейдің Қиыр Шығысында, Кореяда, Қытайда және Моңғолияда жалпақ жапырақты ормандарда өмір сүрген. Соңғы жылдары ол Забайкальеде, Батыс Сібірде байқала бастады және Қазақстанды айналып өтіп, Catocala helena Оңтүстік Оралға және Ресейдің еуропалық бөлігіне Еділ бойына жетті. Алайда қазір біздің зерттеулеріміз көбелектердің бұл түрі Қазақстанда да пайда болғанын көрсетіп отыр. Біз бұл инвазивті түрдің болашақта Қазақстан табиғатына қандай әсер етуі мүмкін екенін анықтау үшін Catocala helena-ның әрі қарай еліміздің аумағында да, шетелде де өмір сүру салтын бақылаймыз», — дейді Титов.

Сондай-ақ, ғалымдар Catocala helena-ның шығыстан батысқа қарай не себепті қоныс аудара бастағанын және біздің фаунамызға белгісіз басқа да инвазиялық жәндіктер осы көбелектерге ілесе ме, жоқ па, соны анықтауға тырысады.

Оқи отырыңыз: