Биылғы жылғы сәуірде Қазақстан энергетикасының көшбасшысы – Екібастұз ГРЭС-1-ге тура 40 жыл толды, деп хабарлайды MediaWorld.kz «Самұрық-Энерго» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1980 жылғы 15 сәуірде КСРО Энергетика және электрлендіру министрлігі станцияның алғашқы турбогенераторын және қазандық агрегатын пайдалануға қабылдау туралы Актіге қол қойған болатын.
1-Екібастұз Мемлекеттік Аудандық Электр станциясы бұрынғы КСРО-ның Урал мен Батыс Сібірдің тұтынушыларын электрмен жабдықтау үшін, құрамындағы 5 электр станциясының белгіленген қуаттылығы 20000 МВт болатын Екібастұз Отын-Энергетика Кешенін құру жөніндегі жобасының бір бөлігі ретінде құрылған болатын. Алайда, тек екі электр станциясының: ЕГРЭС-1 мен ЕГРЭС-2-нің ғана құрылысы аяқталды.
Бүгінде «Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» — Қазақстандағы Біртұтас электр энергетикасы жүйесінің қажеттіліктерін қанағаттандырып отырған ірі жылу электр станциясы. Ұлттық маңызы бар станциялар қатарына жататын электр станциясы республикадағы электр тұтыну көлемінің 20% толықтай қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие. Станцияға 100%-тік қатысу үлесімен отандық аса ірі электр энергетикалық холдинг – «Самұрық-Энерго» АҚ иелік етеді.
Конденсатты электр станциясының белгіленген қуаттылығы 4000 МВт, әрқайсысының қуаттылығы 500 МВт болатын сегіз энергия блогымен жабдықталған. Оның алғашқы энергия блогы 1980 жылы пайдалануға берілді, соңғы сегізінші энергия блогы 1984 жылы іске қосылды.
1981 жылғы қазан айында ГРЭС-1 алғашқы миллиард киловатт сағат электр энергиясын өндірді. Кеңестік кезеңде ГРЭС-1 КСРО аумағындағы аса ірі жылу электр станцияларының қатарына енді.
«Самұрық-Энергода» атап өткендей, «Б. Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС 2019 жылды 18,3 млрд кВтсағ. электр энергиясын өндіріп аяқтады. Тұтас алғанда, Қазақстан нарығында ЕГРЭС-1 өндірген электр энергиясының үлесі 14,2%-ке артты.
Орташа блоктік жүктемесі 455 мегаватты құрайтын жеті энергия блогы жұмыс істеп тұрған кезде, станция күзгі-қысқы маусымға толық дайын екенін көрсетті.
2020 жылғы ақпанда 7 энергия блогының жұмысы үшін рекордтық жүктеме – 3481 МВт тіркелді. Мұндай көрсеткіш соңғы рет 1986 жылғы ақпанда байқалған болатын. Ең жоғарғы нүкте ол кезде 3095 МВт-қа жетті, алайда 8 энергия блогы жұмыс істеп тұрды.
Бүгінгі таңда станция 1400-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Өндіріс қуаттылығын арттырумен қатар, ЕГРЭС-1 Екібастұз қаласының әлеуметтік жобаларына демеушілік көмек көрсетіп, қоғамдық қайырымдылық қорларына, мәдени-бұқаралық іс-шараларға қолдау білдіріп, өңірдің әлеуметтік тыныс-тіршілігіне белсене қатысады.
Оқи отырыңыз:
- Биыл оқушылар жазғы демалысқа қашан шығатыны белгілі болды
- Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирустың шарықтау шегіне қашан жететінін айтты
- Еліміздің бас санитары ауруханаларда жасырын тексеруді бастады
Фото: «Самұрық-Энерго» АҚ-ның баспасөз қызметі
Біздің әлеуметтік желілердегі аккаунттарымызға жазылыңыз:
Telegram, Instagram, Twitter, Facebook
Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз