Қазақстанда қыс қандай болады – синоптиктердің болжамы

99
Фото pixabay.com сайтынан алынды

Қазгидрометтің синоптиктері алдағы қыс қандай болатынын хабарлады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

«2020-2021 жылдардың қысы өткен жылғы қысқа ұқсас, яғни жылы және жауын-шашынды болады деп болжанып отыр. Өткен жылдың қысында Қазақстан аумағына Атлантика аймақтарынан жылы және ылғалды ауа массалары жиі-жиі кіріп тұрды. Жер қабатында белсенді циклондық әрекет байқалып, атмосфералық фронттардың өтуі жиіледі, соған байланысты республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мол түсті», — делінген Қазгидрометтің хабарламасында.

Метеорологтардың болжауынша, алдағы қыста ел аумағында температура климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады, тек республиканың оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында және шығысында таулы және тау бөктеріндегі аумақтарда норма төңірегінде қалыптасады.

Желтоқсан мен қаңтарда Қазақстанның батысын қоспағанда, республиканың басым аумағында ауа райы жауын-шашынды болады, ақпанда жауын-шашын республиканың басым бөлігінде нормадан жоғары, ал оңтүстік-батыстың жартысында норма шамасында түседі.

Алдағы көктем қандай болады

Көктемнің басы, яғни наурыз айы жылы болады, жауын-шашын аз түседі деп болжанып отыр. Ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде нормадан 1-2 градусқа жоғарылайды, ал Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы және тау бөктері аумақтарында – норма шамасында.

Жауын-шашын мөлшері аумақтың көп бөлігінде нормадан аз, солтүстікте және Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының оңтүстік-шығыс бөлігінде норма шамасында, Шығыс Қазақстан тауларында нормадан көп болады деп болжанған.

Оқи отырыңыз: