Қазақстанда жұмыссыздар саны 8 есеге өсті

20
Фото: pixabay.com

Жыл басынан бері жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендердің саны 8 есеге артты. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендердің саны жыл басынан бері 8 есеге артқан. Өз кезегінде жұмысқа орналастыру көрсеткіші 11 есеге өсіп отыр», — деді Нұрымбетов үкімет отырысында.

Айтуынша, ресми статистика бойынша жеті айда 300 207 жаңа жұмыс орны ашылған, оның 149 мыңы тұрақты жұмыс.

Министр соңғы айларда халықтың Электронды еңбек биржасына қатысу қарқыны жоғарылағанын атап өтті.

Жыл басымен салыстырғанда жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған бос жұмыс орындар саны 8,5 есеге өскен. Өз бетінше жұмыс іздеп, түйіндемелерін жариялағандар саны да 8 есеге артты.

«Нәтижесінде жеті айда 333 мың адам Электронды еңбек биржасы арқылы өздеріне жұмыс тауып отыр. Оның 57 проценті тұрақты жұмыс орны. Азаматтар жұмыс іздеу мақсатында Жұмыспен қамту орталықтарына да белсенді жүгінуде. Орта есеппен алғанда айына 60 мың адам барады», — деді ведомство басшысы.

Нұрымбетовтің ақпаратынша, жұмыссыз жүрген 50 200 адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыздық бойынша арнайы төлем алады. Оларға жеті айда 5,5 миллиард теңге төленді.

Коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде 4,6 миллион адамға 322 миллиард теңге, ал шілде айында күшейтілген карантин кезінде 2,3 миллион қазақстандыққа 147 миллиард теңге төленді.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі аккаунттарымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз