Қазақстандық полицейлер карантинді өрескел бұзудың 15 мыңнан астам фактісін анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Соның 600-і той мен ас беру жағдайлары. Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдеді.
«Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бақылау кезінде карантинді өрескел бұзудың 15 мыңнан астам дерегін тіркеді. Бұл тойлар мен қазаға орай ас берудің 600 фактісі, демалыс аймақтары қызметінің 1 мыңнан аса фактісі, соның ішінде су қоймалары маңында жұмысын жандандырған демалыс нысандары да бар», – деді Тұрғымбаев үкімет отырысында.
Айтуынша, тек өткен демалыс күні (26-27 қыркүйек) 41 салтанатты шараны өткізудің жолы кесілді.
Мәселен, Қызылорда облысындағы «Орда» мейрамханасында 100 шақты адам қатысқан той өткен. Жалпы бұл облыста 5 шілдеден, яғни карантин күшейтілгеннен бері осындай 225 факті анықталды.
Сонымен қатар, министр астана мен Алматы қалаларындағы заңбұзушылықтарға да тоқталды. Нұр-Сұлтанда 25-нен 26 қыркүйекке қараған түні жұмыс істеп тұрған 4 түнгі клуб анықталды. Оның бірінде 65 адам болған. Олардың барлығы әкімшілік жауапқа тартылды.
Ал Алматы қаласында 5 түнгі клуб жабылды. Ұйымдастырушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, бетперде тағу режимін бұзудың 11,8 мың фактісі тіркелді.
Ішкі істер министрлігі жиналған материалдарды әкімшілік өндіріс үшін денсаулық сақтау органдарына тапсырған.
Оқи отырыңыз:
- Нұр-Сұлтанда бұрынғы әйелінен қашып жүрген ер адамға іздеу жарияланды
- «Көрпеше төсеп жатқандай»: белгілі заңгер Түркістан облысындағы төселіп жатқан жолдардың сапасыз екенін айтып дабыл қақты
- Былтырғы оқиға есіне түсіп кеткен: Көңілдесін ұрып өлтірген атбасарлық сотталды