Жамбыл облысы әкімінің төрағалығымен өткен кезекті жиында азық-түлік тауарларының бағасы сөз болды. Базарда бағаның күн сайын құбылып тұрғанынан аймақ басшысының өзі хабардар. Сондықтан Нұржан Молдиярұлы алқалы кеңесте сөз алған бірнеше басқарма басшыларын сыбап алды. Мәселе неде? Әлде облыста азық-түлік қоры жеткіліксіз бе?
Әуелі жиынның басында облыс әкімі осыдан бір ай бұрын тапсырылған жұмыстардың орындалу барысын аудан әкімдерінен сұрады. Нұржан Нұржігітов халық көп тұтынатын тауарлар бағасын бірқалыпты ұстап тұру үшін жауаптыларға отандық тауар өндірушілермен дүкендер арасында тікелей жеткізу қызметін ұйымдастыру мен келісімшарт жасауды жүктеген еді. Алайда бұл тапсырманы Меркі мен Қордай ауданы әлі тиісті деңгейде орындамағаны анықталды. Сарысу ауданы – 9, Т.Рысқұлов – 16, Жамбыл ауданында 11 отандық тауар өндірушілермен жасалған келісім Заң талаптарына сәйкес еместігі белгілі болды. Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев қанша шара қолданылса да бағаның бұлай байлауға көнбей отырғанының басты себебебін жайып салды.
– Бұл жерде бастапқы мәселе делдалда болып тұр. Сіздің тапсырмаңыз бар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша баға үстемесін 15 пайыздан асырған жағдайда, ол саудагерге тиісті шаралар қолданылатыны белгілі. Бірақ арада делдал көп. Бір емес бірнеше. Жамбылдық тауардың жөні басқа, сырттан да өнімдер келеді. Әрқайсысы жұмысы үшін, тауар тасымалдаушы өз пайызын алып қалады. Осылайша, баға сауда нүктесіне жеткенше, мың құбылады, – деді А.Сейсебаев.
Ендеше не істемек керек? Осы сауалға жауап іздеу мақсатында жамбылдық шаруалардың өнімін молайту және оны сақтау мүмкіндігіне баса назар аударылды. Яғни жергілікті өнімді қыс бойы және жаңа өнім нарыққа шыққанша сақтайтын қоймалардың өңірдегі мүмкіндігі қандай. Осы мәселе де алқалы жиында пысықталды.
Облыста жалпы 47 мың тонналық 81 мұздатқышы бар қойма бар. Қажеттілік әлі 57,7 мың тоннаны құрайды. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов әсіресе, қажетті қоймалар облыс аудандарына аса қажет екендігін баса атап өтті.
Ол өз сөзінде: «Бүгінгі таңда Мойынқұм, Талас аудандарында көкөніс сақтау қоймалары мүлдем жоқ. Шу және Сарысу аудандарында мұздатқышпен жабдықталған қоймалар жоқ. Биылғы жылы 2,2 миллион тоннаға жуық жеміс-көкөніс өнімдерін өндіру көзделуде. Өнімдердің өндіріс көлемдері облыстың ішкі тұтынымын толық қамтамасыз етеді. Әзірге бар мүмкіндікті пайдалана отырып, қоймаға картоп, сәбіз, қырыққабат өнімдерінің 81,8 пайызын толық сақтаймыз. Әр ауданның халық санына қарау тұтыну нормасына сәйкес өндірілген өнім көлемін сақтауға сыйымдылығы 21,4 мың тоннаны құрайтын мұздатқышы бар қоймалар қажет», – деді аталған басқарма басшысы.
Әулиеатадағы ауқымды проблеманы тиімді шешудің оңтайлы тұсы жоғарыда атап өткендей форвардттық келісімшарт жасау. Әзірге шаруашылықтармен сауда орындары арасында делдалсыз өнімді өткеру мақсатында 241 дүкенмен келісімге келген. Алайда тапсырма тиісті деңгейде атқарылып отырмағандықтан ол өнім көлемі әр аудан халқының тұтыну нормасы қажеттілігінің 5 пайызын да қамтуға жеткіліксіз екенін облыс басшысы баса айтты.
– Бәрі жақсы деуге болмайды. Атқарылған жұмыстар нәтижелі болса, тұрғындар бағаға қатысты шағымданбас еді. «Алқаптан сөреген дейін» жобасы біз ойлағандай жүзеге асса, көрсеткіш те жоғары болады. Бәрі өзімізден, шаруалар да өнімдерін сыртқа тасып әуре болмай, кәсіпкерлер де делдалсыз арзан өнім алады. Бізге осы жобаны мықтап қолға алу керек. Тағы тапсырма беремін. Айтылды, орындаңыздар. Халық еріккеннен айтпайды. Баға тұрақсыз, құбылмалы болып тұр. Ең алдымен осыны реттейік. Келесі жиында осы тапсырманың тағы да жауабын ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық дамыту басқармасы басшылары мен аудан әкімдерінен сұраймын, – деді Нұржан Нұржігітов.
Әулиеатада «Жамбыл облысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту» Жол картасы бар. Онда қоймалар санын арттыруға ерекше ден қойылған. Меже бойынша 2022-2025 жылдары сыйымдылығы 100,3 мың тоннаны құрайтын 39 жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын салу қажеттілігі тұр. Оның ішінде, сыйымдылығы 59,4 мың тонналық 16 қойма мұздатқышпен қамтылмақ. Биыл жоспар аясында 27,6 тонналық 8 қойманың құрылысы жүргізілуде. Алға қойған тапсырмалар өз деңгейінде жүзеге асса, 21,4 мың тонналық мұздатқышы бар қойманың 6,7 мың тоннасы қажеттілікті өтейді деген сенім бар.
Жиында күзгі жиын-терін жұмыстары да пысықталды. Биыл 41,8 мың гектар алқапқа картоп, қырыққабат, сәбіз және пияз дақылдары орналастырылып, бүгінгі күнге 5,9 мың гектар алқаптан 158 мың тонна ерте пісетін көкөніс өнімдері алынды. Қазіргі таңда көкөніс өнімдерінің өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 13,9 пайызға артып отыр. Бұл облыс тұрғындарының қажеттілігін толық өтемек.
Аймақ басшысы сөз түйінінде тағы да тапсырмаларға нақты тоқталып, оның бақылауда болатынын айтты.
– Жауаптылар мен берген тапсырма бойнша жұмыстарды жүйелеңіздер. Бағаны бақылаңыздар. Арнайы құрылған мониторингтік топ қажет болған жағдайда күндіз-түні дүкендерді аралаңыздар. Аталған 15 пайыздан асқан жағдайда тиісті шара қолданыңыздар. Біз бағаның өсуіне жол бермеуіміз қажет. Ал қалған мәселе жоғарыда айтылған тапсырмалар арқылы өз ретімен шешіледі. Ол үшін басқарма басшылары, аудан әкімдерімен тығыз байланыс орнатыңыздар. Әр тапсырманың сұрауы болады. Тіптен өзім барып, сауда нүктелеріндегі бағаны білемін. Егер сол кезде алдымнан қандайда бір мәселе шықса, жауап бересіздер. Маған нәтиже керек, – деді облыс әкімі.