Бадам өзенінен елде жоқ жыртқыш балық шықты (видео)

Фото: видеодан алынған кадр

Шымкентте бөрібалық (пиранья) шықты. Тек Латын Америкасында кездесетін су жәндігін күнгейлік балықшылар Бадам өзенінен аулап алған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Салмағы екі келіге жуық, ал тісі бес жасар баланікіндей жыртқыш балықты жағаға шығарғанда балықшы өзіне-өзі сенбепті.

Жеңіс Үзденбаев, Шымкент қаласының тұрғыны:

— Түс кезінде ауланды. Алғашында мөңке балық па деп ойладық. Үлкеніне ұқсамайды, былай қарасаң көкшіл-ақшыл, жылтыр. Мөңкенің ірісі ғой дедік, балықшылардан сұрастыра келе, бұл Амазонка өзенінде дейді, елде жоқ – Қазақстанда жоқ балық ұстапсың дейді.

Жеңіс Үзденбаевтың айтуынша, аулап жатқанда тіпті қармақты сындырған. Жыртқыш балық кенін білген тұрғын «енді Бадам өзеніне түспеймін» деп отыр. Балық расында бөрібалық тұқымының ішіндегі Қара Паку деп аталатын түрі. Егер Амазонка өзенінде болғанда ұзындығы бір метрге дейін, ал салмағы 40 келіге дейін өседі екен. «Ал Бадам өзенінде бұл балық бәрібір биылғы қыстан аман шықпас еді» — деп отыр мамандар. Жыртқыш балық Шымкенттегі өзенге аквариумнан келген болуы мүмкін.

Ирина Хайтметова, Шымкент зообағы Аквариум бөлімінің меңгерушісі:

— Бөрібалықты Бадам өзенінен енді біреу көреді деп ойламаймын. Меніңше, аквариум ұстайтын біреу балық аквариумға сыймай бара жатқан соң өзенге жібере салған болуы керек. Тісі өткір, түсі сұсты әрі аты дардай болғанымен пираньяның дәл осы түрі мал мен адамға қауіпсіз.  

Оқи отырыңыз: