Балалар қай күні жол апатына жиі түседі – полиция талдау нәтижесін жариялады

Фото: pixabay.com

Алматы қаласының полиция департаменті балалар зардап шеккен жол-көлік оқиғаларына талдау жасап, ең қауіпті күндерді анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ержан Ұзабаевтың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының ең көбі дүйсенбіде тіркелген. Бұл күні 37 жол-көлік оқиғасы болған, зардап шеккендер бар.

«Ал сәрсенбіде – 35 және күндізгі уақытта, атап айтқанда 08:00-ден 16:00-ге дейін – 79 ЖКО, 16:00-ден 00:00-ге дейін – 95 ЖКО тіркелді», — дейді Ұзабаев.

Полиция жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерін де анықтады.

Олар:

  • маневр жасау ережелерін бұзу – 61 дерек (1 бала көз жұмды, 63 бала жарақат алды);
  • жылдамдықты арттыру – 48 дерек (1 жолаушы қаза болды, 52 бала жарақат алды).

Ал балалардың қатысуымен тіркелген жол-көлік оқиғаларының ішінде бірінші орында жаяу жүргіншілерді қағу әрекеттері тұр. Мәселен, 115 жол апатында 124 бала зардап шеккен. Бұдан бөлек, көліктердің соқтығысуы – 54 ЖКО (1 адам қайтыс болды, 54 бала жарақат алды), жолаушылардың құлауы – 11 (11 бала жарақат алды), кедергімен соқтығысу – 5 жол-көлік оқиғасы (қайтыс болған – 1, зардап шеккен – 7 бала) бар.

«Соқтығысқан жүргізушілердің мінездемелерін зерделеу барысында көлік жүргізушілерінің көп жағдайда көлікті үлгілі жүргізбейтіндігі және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны, ал кейбіреулерінің жол-көлік оқиғасын қайталап жасағаны анықталды», — деп атап өтті Ұзабаев.

Оқи отырыңыз: