Балалардың бос уақытын ұтымды ұйымдастыру қажет – Жамбыл облысының әкімі

Фото: gov.kz

2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылы деп жариялады. Осыған орай биыл еліміздің барлық аймақтарында балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды MediaWorld.kz.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Балалар жылы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар талқыға салынып, тиісті мекеме басшыларының есебі тыңдалды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзовтың айтуынша, балалар жылын өткізу жөніндегі облыс әкімдігінің ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітілген. Ол «Білімді бала», «Отбасы – қауіпсіз мекен», «Дені сау бала», «Жетімсіз ел», «Жайлы мекен», «Бала қорғау», «Балаларға қызмет», «bala_time.kz» секілді сегіз бөлімнен тұрады.

— Балалар жылына орай жас жеткіншектердің алаңсыз, сапалы білім алуына барлық жағдай жасалуда. Облыс мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайып, жаңа мектептер салынды. Апатты, үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар мектептердің мәселесі лайықты шешімін тауып жатыр, – деді Бейқұт Жамангөзов өз баяндамасында.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында 1 апатты, үш ауысыммен оқитын 3 және орын тапшылығы бар 2 мектеп бар екен. Биыл 15 мектеп пен 1 мектептен тыс мекеменің құрылысын жүргізу үшін 8,5 миллиард теңге қарастырылып отыр. Осының арқасында үш ауысымды 2 мектептің, орын тапшылығы бар 2 білім ордасының және тозығы жеткен 6 мектептің мәселесі шешімін таппақ.

– Іс-шаралар жоспарының «Дені сау бала» бағыты бойынша мектеп асханаларында балалардың ыстық тамақпен қамту үлесін арттыру көзделген. Биылғы оқу жылында 1-11-сынып аралығында жекелеген санаттағы 47 601 бала бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған. Оның ішінде 23508-і бастауыш сынып оқушысы (1-4-сынып), — деді басқарма басшысы.

Бейқұт Жамангөзовтың мәлімдеуінше, білім беру ұйымдарында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға жағдай жасау – басты назарда болып отырған мәселе. Қазіргі таңда облыстағы 28 арнайы ұйымда ерекше білім беру қажеттілігі бар 6 403 балаға қызмет көрсетіліп отыр.

— Біз балалар жылын өткізуде ерекшелікке мән беруіміз керек. Жылдағы атқарылатын жұмыстармен шектелуге болмайды. Ерекше білім алуды қажет ететін балаларды 100 пайыз білім және тәрбиемен қамтуға қол жеткізуіміз қажет. Бұл бағытта жұмыс жасаймын, орталық ашамын деушілерге қолдау көрсетуге тиіспіз, — деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі осы бағытта қызмет көрсететін 28 ұйымның жұмыс сапасына талдау жүргізуді тапсырды.

– Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да – басты мақсат. Осы орайда, облыста 76 мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері бар. Оқушылардың 83,7 пайызы қосымша білім берумен қамтылған. Өткен жылы Шу ауданында «Оқушылар сарайы», Тараз қаласында «Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы» ашылды, – деді басқарма басшысы. 

Бейқұт Жамангөзовтың баяндамасын тыңдап болған соң облыс әкімі тиісті сала басшыларына тапсырма берді.

— Балалаларға арналған түрлі мемлекеттік үйірмелердің барлығының жұмысы ойдағыдай еместігін мойындауымыз керек. Бұл мәселені қазір ата-аналардың өздері де көтеріп отыр. Жалпы, көрсеткіш жақсы. Бірақ, тереңірек үңілсек кемшіліктерге көз жете түседі. Қаншама шағын спорт алаңшаларын салып, үйірмелер ашып жатырмыз.

Клуб, кітапханалардың да мүмкіндіктерін барынша пайдалану маңызды. Мектептердегі спортзалдар да кешкісін, демалыс күндері балаларға қолжетімді болуы тиіс. Біз балалардың мектептен кейінгі бос уақытын ұтымды ұйымдастыра білсек, көптеген мәселелердің алдын-алар едік, — деді Нұржан Нұржігітов.

Жиын барысында сондай-ақ, халықпен кері байланыс, облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы мен бюджет қаражаттарының игерілуі сөз болды.

Кері байланыс мәселесі бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков пен баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлының баяндамалары тыңдалды. Олар әлеуметттік желідегі басшылардың белсенділігі бойынша, көтерілген өзекті мәселелер мен өтініштерге жауап берудегі кемшіліктерді атап өтті.

Аймақ басшысы барлық сұрақтарға уақытылы және сапалы жауап беру керектігіне және қоғамның пікірін ескерудің маңыздылығына айрықша тоқталып, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бұл жұмысқа немқұрайлы қарамау керектігін баса айтты.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы мен бюджет қаражаттарының игерілуі бойынша Экономика және бюджеттік жоспарларлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова мен қаржы басқармасының басшысы Жақсылық Сапаралиевтың есептері тыңдалды. Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері экономикалық өсім 108,1 пайызды құрады. Облыс бойынша бюджеттік қаражаттар 99,5 пайызға игерілді.

Оқи отырыңыз: