«Баратын жері жоқ»: Маман балалары ішіп келіп, ойран салатын қарттарға орталық ашып беруді сұрап отыр

21
Фото pixabay.com сайтынан алынды

Ақтөбелік еріктілер жалғызсырап жүрген қарттарға «Даналық» орталығын ашуды сұрайды. Айтуларынша, 80-90 жастағы қариялардың маскүнем баласы мазасын алғанда баратын жері жоқ деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.

Карантин кезінде дағдарыс орталығында жұмыс істейтін еріктілер көмек сұрайтындардың көпшілігі үйінде ішімдік ішетін адам бар отбасылар екенін айтады.

«Ең қиыны өз ұлдарынан зардап шегіп отырған қарт кісілер бар. Әйелінен ажырасып кеткен баласы бөлек тұрса да, ішімдік ішкен күні ата-анасының үйіне ойран салып кетеді. Көбіне мұндай жағдайдар әлеуметтік жағдайы төмен отбасында болады деген түсінік қалыптасқан. Салыстырмалы түрде қарағанда тұрмысы жақсы отбасылар да осындай жағдайға тап болады.

Мұндай кезде үлкен кісілерге қорған болатын жер жоқ. Әйел адамдарға арналған кризистік орталық бар. Олар онда баласымен бас сауғалай алады. Үлкен кісілер қайтеді? Есейіп кеткен ұлы ішімдік ішіп мазасын алғанда 80-90 жастағы ананың баратын жері жоқ», – дейді Ақтөбе қаласы сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры Гүльмирам Сражова.

Елдегі қиын жағдай кезінде волонтерлық бағытта жүрген қоғам белсендісі жалғызсырап жүрген қарияларға пікірлесетін орталық ашуды сұрайды.

«Мүмкін ол «Даналық» орталығы болар. Қарт адам мүгедек бала емес, олармен жұмыс жасау оңай. Олардың ішкі мүмкіндіктерін қолдана білмейміз. Зейнетке шыққаннан кейін ысырып тастаймыз. Ол адамның өмірлік тәжірибесі, ақыл-кеңесі бар. Соны пайдаланып жатқан жоқпыз. Орталық ашсақ олар өздері қызмет етер еді. Қазір көп адамның үйіндегі әке-шешесінің теледидардан басқа қызығы жоқ. Пандемия кетер, шектеуліктер жойылар.

Қоғамның бетіне қалықтап шығып тұрған мәселені шешу керек. Белсенді өмір сүріп қалған адамдар зейнеттен кейін үйде отырып қалса, тез қартаяды. Балалары мен немерелерінің ортасында отырған ана ол жерге көп бармас. Немересі жоқ, балалары есейіп кеткен қарияларға орталық қажет. Орталықта тәрбие жұмыстары жүретін парасаттылықтың үлгісі қалыптасса екен дейміз. Ол жерге оқушылар барып тұрса, ата-әжесі жоқ балалар үшін де жақсы жоба болар еді», – дейді ол.

Гүльмирам Аманжолқызы денсаулығындағы шектеулерге қарамастан карантин кезінде волонтерлік бағыттағы арнайы мониторинг топтың құрамында болған. Кейін call-центрдің қоңырауларын қабылдап, күйзелікке түскен жандармен онлайн жұмыс жасаған.

Айтуынша, отбасында жанжал шыққан кезде ақтөбеліктердің көпшілігі учаскелік полиция қызметкеріне немесе төтенше жағдай қызметіне қоңырау шалған. Түскен қоңыраулар мамандармен байланыстырылып отырған.

«Көбіне әйел адамдар көмек сұрайды. Ерлер де жоқ емес. Қоңыраулардың 10 пайызы ер адамдардан түсті. Туысқандарымен ренжісу, әйелдерімен арадағы ақшаға қатысты дау және әйел адам үстемдік құратын кей отбасылар қоңырау шалды. Ата-анасына қатысты шағым айтқан балалар да болды. Отбасындағы реніш көршіге айтатын проблема емес. Ағайын-туманың өзі тыңдағысы келмейді. Көпшілігінде өмірге деген өкпе бойларында жиналған. Шешу керек», – дейді Гульмирам Сражова.

Call-орталық, психологиялық көмек және құқықтық қолдау орталығына +7 707 986 34 60, +7 702 425 30 24 (заңгер), +7 705 917 12 63 (психолог) телефондары арқылы хабарласуға болады.

Оқи отырыңыз: