Бас дәрігер мен жас дәрігердің жанжалы

99
Фото: видеодан алынған кадр

Арқалықта ақ халаттылар арасында шу шықты. Өңірлік аурухана дәрігерлері науқастарды емдеудің орнына, бірін-бірі сотқа сүйреп әлек, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.

Даудың басы дәрігер Жасұлан Жүнісовтың видеоүндеуі болды. Ол басшылықтың қысымы мен қудалауына шағым айтып ғаламторға жариялады. 5 жыл терапия бөлімін басқарған оны, бас дәрігер қызметінен босатып, қан талдау бөліміне қарапайым маман етіп жіберген.

Жасұлан ЖҮНІСОВ, АРҚАЛЫҚ ӨҢІРЛІК АУРУХАНАСЫНЫҢ ТРАНСФУЗИОЛОГ ДӘРІГЕРІ:  

— Карантинде істеп жатқан екі-ақ врач. Мен, сосын инфекционист. Барды да мені сотқа берді. Өзінің дәрігерін, бас дәрігер өзі видеоға түсіріп тұрып, сотқа берді. Енді әрине мен ренжимін. Жыным келеді. «Мынау деген аңдып бітті-ау мені» деп. Профсоюзға барып шағымдандым. Ешкім көңіл бөлмейді. Сосын Президентке жазып жібердім.

Пандемия тұсындағы бас дәрігердің пәрменіне өңірлік аурухананың өзге де қызметкерлері наразылық білдірген. Тіпті денсаулық сақтау министріне ұжымдық хат жолдапты. Олар кезекшіліктерінің 32 сағатқа жалғасатынына шағымданып отыр. Жасұлан Жүнісов, оларды да қазір бас дәрігер қысымға алды дейді.

Жасұлан ЖҮНІСОВ, АРҚАЛЫҚ ӨҢІРЛІК АУРУХАНАСЫНЫҢ ТРАНСФУЗИОЛОГ ДӘРІГЕРІ:

— Анау күні менімен бірге хат жазған 12 дәрігерді, солардың әрқайсысын жеке-жеке шақырып, зомбировать етуге тырысты. Қысым жасап, жаңағы айтқаны да болды – «мен сені прокуратураға берем, олар тексереді» деп қорқытты. Енді олар жаңадан келген дәрігерлер, басқа жақтан келген. Әрине қорқады.

Ал, басы дауға қалған Бас дәрігер жас дәрігердің айтқандарын жоққа шығарып әлек. Ол жалған сөйлеп, жала жапқанын айтып ақталды.

Нұрлан ЕРЖАНОВ, АРҚАЛЫҚ ӨҢІРЛІК АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

— Комиссияның шешімі бүгін-ертең шығады. Күтейік. Содан кейін көрерміз. Қандай қорытынды шықса да, қандай жағдай болмасын ар-намысымды қорғау үшін сотқа беремін. Өйткені мынау видеоүндеуде барлығы жала.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл дауға қатысты комиссия құрылғанын мәлімдеді. Арнайы топ Арқалық өңірлік ауруханасына барып қайтқан. Алайда комиссия мүшелері әлі нақты шешім шығармапты.

Әнуар ЕДІРЕСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

— Дәрігер Жүнісов бірқатар сауал жолдады. Оны қарастыруға уақыт керек. Қазір сол сұрақтардың жауабын дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта нақты шешіледі.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі аккаунттарымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз