Бас мүфти мешіттерді қазақы салт-санаға келтіру туралы айтты

66
Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас мүфтиді қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ақордаға сілтеме жасап.

Наурызбай қажы Тағанұлы мемлекет басшысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пандемия кезінде жасаған қайырымдылық шаралары жайында айтып берді. Мүфтият ауруханаларға жасанды тыныс алдырту, оттегі аппараттары мен медициналық құрал-жабдықтар жеткізіп, мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек пен бетпердені тегін таратқан. Ал «Ел үлесі – пәтерде» акциясы аясында 314 баспана берілді.

«Бұдан бөлек, Наурызбай қажы Тағанұлы имамдардың білімін көтеру мен кадр даярлау мәселелері жайында баяндады. Алдағы уақытта мүфтият «Ихсан» ілімін, Абайдың кемел адам концепциясын кеңінен дәріптеп, насихаттау жұмыстарымен айналысатынын жеткізді», — делінген ресми хабарламада.

Кездесу кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алдағы жоспарлары да сөз болды. Атап айтқанда, Ислам академиясын құру, Ислам және теология кітапханасын салу, еліміздегі мешіттердің архитектурасын қазақы салт-санаға сай қалыптастыру мәселелері айтылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмысын жоғары бағалап, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.

Оқи отырыңыз: