Бас прокуратура Қазақстанның бір облысын иеліктен шығаруға үндеген адамды анықтады. Ол алыс шет елдердің бірінде тұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қадағалаушы органның өкілі Серік Әділкенұлының айтуынша, Telegram-арналардың бірінде Қазақстанның бір облысын басқа елдің пайдасына иеліктен шығаруға үндейтін арандатушылық материал жарияланған.
«Материалдың авторы анықталды. Ол Қазақстанға келген шетелдік емес. Алыс шет елдердің бірінде тұрады. Бұл – сырттан бағытталған жоспарлы акция. Негізгі мақсаты – Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру, көрінеу жалған ақпарат тарату және ұлттық араздықты қоздыру», — дейді Әділкенұлы.
Оның айтуынша, осы әрекет Қылмыстық кодекстің 174-ші, 180-ші және 274-ші баптарпен қудаланады.
«Осы сепаратистік факт бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазір Қылмыстық кодекстің 180-бабы бойынша іс қозғалды. Осындай материалдар мен үндеулерді орналастыру кезінде олардың авторлары мен таратушылары қатаң қылмыстық жазаға тартылатынын еске саламыз», — деді ол.
Бас прокуратура қазақстандықтарды арандатушылыққа ермеуге шақырды.