Бас санитар дәрігер: мектептегі оқуды қалпына келтіру жоспары бар

256
Фото pixabay.com сайтынан алынды

Қазақстанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова дәстүрлі білім беру форматын қайтару туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Әзірше, мамандар бірінші тоқсанда қашықтан білім беру форматын сақтауға кеңес беріп отыр. Осы уақыттың ішінде олар эпидемиологиялық жағдайды бақылап, кезекші сыныптарда аурудың бар-жоғын зерделейді. Соның негізінде тиісті шешімдер қабылданады. Білім және ғылым министрлігінің ұсыныстары да ескеріледі.

«Мәселен, аралас білім беру бар. Ондайда оқушылар алдымен екі күн мектепте, одан кейін екі күн қашықтан оқиды. Сосын мектепті біртіндеп толтыру шаралары бар. Осылайша, эпидемиологиялық жағдайға қарай оқушылар кезең-кезеңмен дәстүрлі оқуға қайтарылады. Біз эпидемиологиялық жағдайды күн сайын қадағалап отырамыз. Дегенмен, мектептегі оқуды қалпына келтіруге қатысты жоспар бар», — деді Есмағамбетова Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында.

Осы орайда бас санитар қашықтан оқыту форматын енгізудің басты себебін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде нақты талаптар болса да, соның бәрін бастауыш сынып оқушыларына орындату оңай емес. Себебі кішкентай балаларды бір жерде ұстау қиын. Олар бетпердені үнемі тағып жүрмейді. Арақашықтық та көп жағдайда сақталмайды. Сол себепті вирусты жұқтыру қаупі жоғары болады.

«Мектепте адам көп. Ауру жұқтырған бір баламен араласқандардың бәрін карантинге жіберуге тура келеді. Сосын ол бала дәлізге шықты ма, жоқ па, басқа балалармен араласты ма, бұның бәрін анықтау оңай емес. Былайша айтқанда, қауіп жоғары. Біз Еуропадағы жағдайды да қадағалап отырмыз. Мектептер ашылған жерде ауруды жұқтыру жағдайлары тіркеліп жатыр», — деп атап көрсетті Есмағамбетова.

Оқи отырыңыз: