Баталовтан Бозымбаевқа өткен Алматы облысының ең негізгі 7 проблемасы

Фото: Ulysmedia.kz

Алматы облысына әкім болып келген Қанат Бозымбаевтың мойнына Амандық Баталов тындырып үлгермеген біраз шаруа артылғалы тұр. Ulysmedia.kz порталы осы проблемаларға назар аударып көрді.

38 МЕКТЕП ҮШ АУЫСЫММЕН ОҚЫП ЖАТЫР

Алматы облысы үшін ең өзекті проблемалардың бірі – білім беру нысандарының жетіспеушілігі. Облыста бүгінгі таңда 760 мектеп жұмыс істейді. Бала туу мен көші-қон ағынының қарқынды болуына байланысты оқушылар контингенті жыл сайын 20 мың балаға артып келеді. Қазір олардың саны 410 мыңға жеткен. Сондықтан 38 мектеп үш ауысыммен оқуға мәжбүр. Халық санының өсім қарқынын ескерсек, таяуда үш ауысымды мектептер саны 40-тап асып кетуі мүмкін.

ДӘРІГЕР ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ: ОБЛЫС СОҢҒЫ ОРЫНДА

Басқа өңірлерде кездесетін медицина кадрларының жетіспеушілігі Алматы облысында да өзекті. Аймақта әсіресе, ауылды жерде тар шеңберлі мамандар жетіспейді. Облыстың статистикалық деректеріне сүйенсек, Алматы облысы – 10 мың адамға дәрігерлер санын есептеп шығарғанда ең соңғы орында тұр. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 10 мың адамға есептегенде дәрігерлер 24,5 адамды, орта буынды медициналық персоналдар саны 91,8 адамды құрады.

ЖОЛ ТОЗЫП БАРАДЫ

Өңірге жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарының жағдайын жақсарту керек. Алматы облысында жолдардың 19% қанағаттанарлық жағдайда емес (2019 жылдың көрсеткіші бойынша). Одан бөлек туристік нысандарға апаратын жолдардың да жайы нашар. Қазір өңірде Талдықорған – Өскемен, Үшарал – Достық жолдары салынып жатыр.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАР

Алматы облысы үшін ең өзекті проблемалар экологиямен тікелей байланысты. Ең бірінші кезекте Панфиловтағы уран өндіретін орында радиоактивті үйінділерді жою керек. Ол үшін бюджеттен тезірек қаражат бөлген абзал.

Сорбұлақтағы ағынды судың да экологиялық салдарын төмендету міндеті тұр. Ол үшін Сорбұлақ су жинағышына сарқынды суды бұруды толығымен тоқтатып, Алматы қаласының су бұру жүйесін қайта қарап, одан әрі оның бұзылу қаупін жою керек. Нормативті көрсеткіштерге дейін тазартылған Алматы қаласының сарқынды суларын өзенге немесе қолданыстағы су бұру жүйесін жаңғырту жолымен бағыттауға болады. Бұл – Іле-Балқаш бассейнінің су балансын едәуір дәрежеде сақтауға мүмкіндік береді.

Одан бөлек Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында және Ескелді ауданының Қарабұлағында, Қапшағай қаласының Заречное кентіндегі кәріз су жүйесі апаттық жағдайда қалған. Ол үшін аталған ауылдарда қазіргі кәріз суы жүйелерін жөндеуден өткізіп, қажет жерде жаңасын салуға тура келеді.

БАСТЫ ПРОБЛЕМАНЫҢ БІРІ – БАСПАНА

Алматы облысында тұрғын үй құрылысының жеткіліксіз деңгейде қаржыландырылмауы, енгізілетін тұрғын үй көлемі тұрғын үй кезегін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік бермей тұр. Кейінгі бірнеше жылда тұрғын үй мәселесі аймақтағы ең өткір мәселелердің біріне айналған. Облыстың әрбір тұрғынына 19,6 шаршы метр тұрғын үйден келеді (2019 жылғы деректер). Бұл орташа республикалық көрсеткіштен (22,2 шаршы метр) төмен.

2016-2018 жылдары облыста 2,6 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа енгізілді. Оның ішінде 2,4 млн шаршы метр — жекеменшік қаражаты есебінен салынса, 172 мың шаршы метр «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде пайдалануға берілген. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 894 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, облыстың мемлекеттік тұрғын үй қорынан 2443 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Алайда тұрғын үй алуға үлкен кезек сақталып отыр: ол 50 664 адамды құрайды. Оның ішінде 5 527 – көп балалы отбасы болса, 20 116 – әлеуметтік тұрғыда осал топтағы отбасылар.

Алматы облысында 35 перспективалы тұрғын үй алабы анықталған. Онда 2022 жылға дейін мыңға дейін көппәтерлі үй салу жоспарланып отыр.

АӨК САЛАСЫНДАҒЫ ЖҮЙЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР

Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының басты салаларының бірі. 2020 жылдың 9 айында облыстың жалпы ішкі өнімінің өндірісіндегі сала үлесі 15,7% құрады. Салада барлық жұмыспен қамтылған халықтың 21,2% жұмыс істейді.

Көрсеткіш жақсы болғанымен оның дамуын тежейтін бірқатар жүйелі проблемалар бар. Негізгі проблема – су шаруашылығы нысандарының тозуы. Бұл суармалы жерлердің игерілмей қалу қаупіне әкеп соқтыруы мүмкін. Одан бөлек майлы дақылдарды, көкөністер мен жемістерді өңдеу жеткілікті деңгейде дамымаған. Ауыл шаруашылығы техникасының тозу деңгейі 60-65% құрайды. Ауылдық жерлерде мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларына қол жеткізудің қиындығы елеулі проблемалардың бірі болып отыр.

Саланың проблемалық мәселелерін шешу үшін Қанат Бозымбаевтың командасына агроөнеркәсіп субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету шараларының тиімділігін (инвестициялық субсидиялау, техника мен жабдықтар лизингі, микронесиелеу) арттыру қажет.

ЖҰМЫССЫЗ АДАМ КӨП

Жастардың жұмыссыздығы, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың проблемасы да өзекті өңірде. Өңірде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны (2020 жылғы 3 тоқсан) 270 мыңнан асады. Ал жұмыссыздар саны 50 мың адамды құрайды (республикада екінші орын). Өңір бойынша орташа жалақы орташа республикалық деңгейден (2020 жылдың 3 тоқсанындағы деректер) 21%-ға төмен.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз