Билік коронавирустан қайтыс болғандардың нақты санын жасырып отыр ма?

89
Фото: pixabay.com

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустан қайтыс болғандардың саны басқа елдермен салыстырғанда неліктен аз екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте журналистер коронавирусты жұқтыру көрсеткіші жағынан Қазақстанға ұқсас елдерді мысалға келтірді. Ол елдерде инфекциядан қайтыс болғандардың саны әлдеқайда көп.

«Мәселен, Эквадорда халықтың саны Қазақстанмен шамалас. Ол жақта коронавирус жұқтырғандардың саны 80 мыңнан асты. Ал қайтыс болғандардың көрсеткіші – 5 736 адам. Сол сияқты Швецияда 80 мың науқас тіркелсе, 5 743 адам көз жұмды. Португалияда 51 мың науқастың 1 737-сі қайтыс болды. Көрші Қырғызстанның өзінде 36 мың науқастың 1 409-ы коронавирустан бақилық болды», — деді журналистер. 

Ал денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда осы уақытқа дейін 92 662 адам коронавирус инфекциясын жұқтырып, 1 058 науқас қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустан өлім-жітімнің аз болуы тестілеу көрсеткішіне байланысты екенін атап өтті.

«Қазақстанда тестілеу көрсеткіші жоғары. Осылайша, біз науқастардың біраз бөлігін ерте анықтап отырамыз. Ол – бір. Екіншіден, стационардағы медициналық көмек халыққа тегін көрсетіледі. Көптеген елде ол үшін қосымша ақы төлеу керек. Сақтандыру полисі бар және тағысын тағы. Бәріне ақша төлейді. Бізде олай емес, медициналық көмек қолжетімді», — деді Цой.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі статистикада нақты сандар көрсетілген. Бірақ шілде айында оған қатысты біраз мәселе болған. Себебі коронавирус белгілері бар пневмония ауруы күрт өршіп кетті. ПТР-тест те теріс нәтиже көрсеткен. Сол себепті ондай жағдайларды коронавирус статистикасына қоспаған. Содан коронавирусқа ұқсас пневмонияларға халықаралық код беруге шешім қабылданды. Бірақ 1 тамызға дейінгі пневмониялар ортақ статистикаға қосылмайтын болды.

«Дәрігерлер пневмонияны анықтап, код беруі керек. Сосын ақпараттық базаларға енгізеді. Осының негізінде ортақ статистика жасалады. Бірақ дәрігерлер тағы ретроспективтік тұрғыда қарап, бұрынғы жағдайларға код беретін болса, көп уақыт кетеді. Ондайда не мәліметтерді талдаумен, не науқастарды емдеумен айналысу керек. Бізге қазіргі мәліметтер де жеткілікті. Динамикасын байқаймыз. Болжам да жасауға болады», — деп түйіндеді Цой.

Оқи отырыңыз:

Біздің әлеуметтік желілердегі аккаунттарымызға жазылыңыз:

Telegram, Instagram, Twitter, Facebook 

Сондай-ақ біздің Facebook –тегі тобымызға қосылыңыз